Әлеуметтік желіде немесе мессенджерде біреудің фотосын келісімсіз жариялау, ар-намысына тию немесе негізсіз айыптау сотқа шағымдануға себеп болады. Қазақстанда мессенджердегі хаттардың скриншоттары ресми электронды дәлел ретінде танылып, заңды салдарға әкеліп жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz.
Жоғарғы соттың ресми дереккөздеріне сүйенсек, жақында осындай екі резонансты кейс бойынша сот шешімдері заңды күшіне енді.
Өскемен қаласының тұрғыны Instagram желісінде өзінің фотосуреті әдепсіз сөздермен, сондай-ақ «пайдакүнемдігі» мен «әдепсіз мінез-құлқы» туралы негізсіз айыптаулармен жарияланғанын байқаған.
Пост авторлары мұны «жеке пікір» деп ақталуға тырысқанымен, сот эмоционалды айыптаулар нақты дәлелдермен расталуы тиіс деп тапты. Жауапкерлер ешқандай айғақ келтіре алмады. Сонымен қатар азаматтың фотосын келісімсіз пайдалану да заң бұзушылық болып танылды.
Сот шешімі: Жарияланымдарды өшіру және теріске шығару міндеттелді.
Өтемақы: Екі жауапкердің әрқайсысынан 300 мың теңгеден (жалпы 600 мың теңге) моральдық зиян және сот шығындары өндірілді. Апелляциялық және кассациялық сатылар шешімді күшінде қалдырды.
Астана тұрғыны жиналыстан кейін 1,5 мыңға жуық адамы бар екі WhatsApp чатынан өзінің суретін көрген. Бұл істі экстерриториалды соттылық бойынша Жамбыл облысы Шу аудандық сот онлайн форматта қарады.
Сот мессенджердегі скриншоттарды толыққанды электронды дәлел деп таныды. Фотоны үлкен аудиториясы бар чатқа келісімсіз салу азаматтың құқығын бұзу деп бағаланды.
Сот шешімі: Хабарламаны чаттан өшіру талабы орындалмады, себебі белгілі бір уақыттан кейін оны барлық қатысушыдан жою техникалық жағынан мүмкін емес.
Өтемақы: Талап қоюшының пайдасына екі көршісінен 20 мың теңгеден моральдық өтемақы өндірілді. Үшінші жауапкерге қатысты кінә дәлелденбегендіктен талап қанағаттандырылмады. Жамбыл облыстық соты шешімді қолдады.
Фотоға құқық: Адамның суретін оның келісімінсіз топтық чаттарда, Instagram stories немесе посттарда жариялау заңды салдарға әкеледі.
«Жеке пікір» жауапкершіліктен босатпайды: Егер пікірде нақты адамға қатысты фактілермен расталмаған айыптаулар болса, оның дұрыстығын сотта дәлелдеуге тура келеді.
Скриншот – заңды дәлел: Хат жазысулар мен экран суреттері (скриншоттар) сотта ресми электрондық дәлелдеме ретінде толық қолданылады.