Прямая трансляция

Астана

Астана

17.12°C

Алматыда Студенттер сарайының шатыры опырылды: ҚазҰУ ғимараттың техникалық жағдайына қатысты мәлімдеме жасады

Алматыда Ө. А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында орын алған оқиғадан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі ғимараттың реконструкциясы мен оның қазіргі жай-күйіне қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Paryz.kz.

Алматыда Студенттер сарайының шатыры опырылды: ҚазҰУ ғимараттың техникалық жағдайына қатысты мәлімдеме жасады
Фото: threads.com/@___aleks_k___

Университет мәліметінше, нысанның құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы шаруашылық тәсілмен аяқталған. Кешен 30 жылға жуық пайдалануда болғанымен, осы уақытқа дейін бірде-бір рет күрделі жөндеу де, реконструкция да көрмеген. Бұл уақыт ішінде инженерлік жүйелер мен құрылыс конструкциялары табиғи түрде тозып, нашарлай бастаған.

2023 жылы арнайы аккредиттелген ұйым жүргізген сараптама ғимараттың құрылыс нормалары өрескел бұзыла отырып пайдалануға берілгенін анықтаған. Атап айтқанда, темірбетон ригельдерінің ішінара жоқтығы, олардың бағандармен тіреусіз жалғануы, бағандардың коррозияға ұшырауы мен қисаюы, сондай-ақ жертөледе және екінші қабаттың кейбір аймақтарында темірбетон қабырғалар мен бағандардың мүлдем болмауы сияқты күрделі ақаулар тіркелген. Бұдан бөлек, фасадтың жылу оқшаулау жүйесі бұзылып, шатырдың металл конструкциялары деформацияланған. Жоғары оқу орны өкілдерінің айтуынша, мұндай жасырын ақауларды ішкі әрлеу жұмыстарын бөлшектемейінше көзбен көріп анықтау мүмкін болмаған.

Қолданыстағы ережелер бойынша ғимараттарға күрделі жөндеу әр 20-25 жыл сайын жүргізілуі тиіс. Оның үстіне, 2024 жылдың қаңтар айында Алматыда орын алған жер сілкіністері тозығы жеткен конструкцияларға қосымша салмақ түсірген. Осы жағдайларды ескере отырып, ҚазҰУ басшылығы Студенттер сарайының тарихи-мәдени маңыздылығын сақтай отырып, оны толық қалпына келтіру шешімін қабылдады. Қазіргі уақытта басты басымдық — студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып отыр. Университет алдағы зерттеу нәтижелері мен атқарылатын жұмыстар туралы қосымша хабарлап отыруға уәде берді.