Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов мемлекет тарапынан бала дүниеге келгенде берілетін жәрдемақы мөлшерін отбасының табысына қарай бөлуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі жазбасында сәбилерді «бай» және «кедей» отбасынан шыққанына қарай бөлуді тоқтату керек екенін айтты.
Оның пікірінше, дүниеге келген әр бала мемлекеттен тең қолдауға ие болуы тиіс.
«Сәбиді «бай» мен «кедейге» бөлуді тоқтату керек! Соңғы күндері бала тууға берілетін жәрдемақыны қысқарту туралы министрліктің жариялаған ұсыныстарына қатысты пікірім. Әр бала мемлекеттен тең қолдау алуы тиіс!» – деп жазды ол.
Мұрат Әбенов бұл ұстанымын төрт негізгі уәжбен түсіндірді.
Біріншіден, оның айтуынша, әр бала – мемлекеттің жаңа азаматы. Сондықтан балаға көрсетілетін қолдау ата-анасының табысына қарай бөлінбеуі керек.
Екіншіден, ол жәрдемақыны қайырымдылық емес, дүниеге келген әрбір жаңа азаматқа мемлекет тарапынан көрсетілетін міндетті қолдау ретінде қарастыру қажет деп санайды.
Үшіншіден, Әбенов отбасының бүгінгі әлеуметтік жағдайы болашақта өзгеруі мүмкін екенін атап өтті.
«Бүгін жағдайы жақсы отбасы ертең қиындыққа тап болуы мүмкін. Мемлекет әр баланы бірдей қолдауы қажет», – деді ол.
Сонымен қатар ол демография мен әлеуметтік әділет мәселесіне назар аударды.
«Отбасыларды «мұқтаж» немесе «ауқатты» деп сұрыптау тек қағазбастылық пен жемқорлыққа жол ашады. Баладан үнемдеу – елдің болашағынан үнемдеу!» – деп жазды Мұрат Әбенов.