Режиссер Нұртас Адамбайдың жұбайы Ғалия Адамбай әлеуметтік желіде тағы да мәлімдеме жасап, күйеуінің «Төребекшілдік» деп атаған діни-ағымға қатысы барын айтып, оған қатысты бірқатар сын-пікірін жариялады. Ол соңғы бес жылда осы ортаға байланысты көрген-білгендерін ашық айтуды жалғастыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz.
Ғалия Адамбайдың айтуынша, ол бұл тақырыпты жабуға ниеттенгенімен, күйеуінің қорқытуы мен орынсыз әрекеттері оған үнсіз қалуға мүмкіндік бермеген.
«Бұл мәселені біржола жабуды қаладым. Кеше тіпті осы тақырыпқа нүкте қойдым. Алайда күйеуімнің әрекеттеріне байланысты қайтадан сөйлеуге мәжбүрмін. Егер мәселені бейбіт жолмен шешу мүмкін болмаса, ең болмағанда адамдар оның кім екенін білсін. Осы ортада бес жыл бойы көргендерім мен білгендерім туралы нақты деректерді жариялаймын», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол Т. Б есімді азаматтың өзге діни конфессия өкілінен кешірім сұрағанын айтып, оның мұсылмандарға басқа діни бағыттағы кітап негізінде уағыз айтатынын алға тартты.
Ғалияның пікірінше, аталған адамның көзқарастары мен тұжырымдары осы кітапқа сүйенеді. Жазбасында ол бұл ағымның бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдарын да сынға алды.
Оның сөзінше, аталған ортада баланың өз қалауына қарсы әрекет етуге болмайтыны айтылады. Мәселен, бала тәтті жегісі келсе, оған шектеу қоюға, дәрігер тағайындаған дәріні беруге, пайдалы тамақ жеуге немесе тіс тазалауға мәжбүрлеуге болмайды деген түсінік қалыптасқан. Ғалия Адамбай мұндай көзқарастар балалардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін деп есептейді. Ол баланың өмірі мен денсаулығына жауапкершілік ата-ананың мойнында екенін атап өтті.
Сондай-ақ күйеуінің өзі ауырған кезде дәрігерге жүгініп, ота жасатқанын мысалға келтіріп, оның балаларға қатысты ұстанымына қайшы келетінін жеткізді.
Оның пікірінше, психологиялық тұрғыдан қиын жағдайға тап болған адамдар мұндай топтардың ықпалына тез түсуі мүмкін. Ол мұндай ортада адамның жан жарасы мен күйзелісі пайдаланылып, соның есебінен ақша мен билікке қол жеткізу көзделеді деп санайды.
Сондай-ақ Ғалия Т. Б есімді адамның бір сағаттық кеңес беру құны бұрын 20 мың теңге болса, кейін 170 мың теңгеге дейін өскенін жазды.
Оның айтуынша, Бекбаев қазір АҚШ-та жүр және Green Card алуға ниетті. Жазба авторы бұл мәлімдемелерді біреуді қаралау үшін емес, аталған ортаға сеніп жүрген әйелдерге алаңдағандықтан жариялап отырғанын жеткізді.
«Бірде маған бір әйел жеке хабарлама жазды. Оның кішкентай қызы жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған екен. Осындай ауыр жағдайды бастан өткеріп, күйзеліске түскен ана не істерін білмей, оның семинарына барған. "Неге мұндай жағдай менің басымнан өтті?" деп сұрағанда, оған "өзің кінәлісің, бұл сенің күнәң үшін келген жаза" деген жауап берілген. Осы сөзден кейін әйел өз-өзіне қол жұмсауға оқталған. Кейін ол маған хабарласып, бұл сөздердің рас-өтірігін сұрады. Оған берген жауабымның арқасында, Алланың қалауымен, оны бұл қадамнан сақтап қалдым», – деп жазды Ғалия.
Ол мұндай жауаптардың кесірінен қаншама адамның психологиялық тұрғыдан зардап шеккенін ойлаудың өзі қорқынышты екенін атап өтті.
Сонымен қатар Ғалия күйеуінің аталған көзқарастарды қолдайтынын және отбасында сол ұстанымдарға сүйеніп әрекет ететінін мәлімдеді.
Оның сөзінше, мұның зардабын балалары мен отбасы да көрген. Ол балаларында тиісті медициналық диагноздар бар екенін айтып, олардың жағдайына алаңдаушылық білдірді.
«Егер менің сыни ойлау қабілетім болмаса немесе күйеуінің айтқанынан шықпайтын, әрдайым соның соңынан еретін адам болсам, балаларымыздың бүгінгі күнге жетуі де екіталай еді деп ойлаймын. Мен ештеңені әсірелеп отырған жоқпын. Бұл – өз басымнан өткен жағдайлар», – деп жазды ол.
Ғалияның айтуынша, күйеуі ересек адам ретінде өз денсаулығына қажетті күтім жасайды, дәрі ішеді, дұрыс тамақтанады, тәттіні шамадан тыс тұтынбайды және гаджеттерді шектен тыс пайдаланбайды. Ал кішкентай балалар мен жасөспірімдер өміріне қажетті көптеген нәрсені өздігінен түсіне алмайды.Сондықтан ата-аналар олардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауапты болуы керек.
Жазба соңында Ғалия бұл жарияланымдары өзі көрген жағдайлардың аз ғана бөлігі екенін айтып, аталған ортаға қатысты пікірін әрі қарай да ашық білдіретінін жеткізді.