Астанада 11-сынып оқушысы Батыр Балтабеков үш жылда 800-ден астам кітап оқыған.
Осы уақыт ішінде ол қазақ және шетел классиктерінің шығармаларын оқып, әдеби мұрамен танысты.
Қазір өзі де қалам тербеп, шығармашылыққа ден қойып жүр. Батырдың сүйікті авторларының қатарында Мұхтар Әуезов, Абай және Мұқағали Мақатаев бар. Ол қазақ және орыс тілдерінде кітап оқығанды ұнатады. Сондықтан әдеби танымы отандық жазушылардың шығармаларымен ғана шектелмейді.
"Батырдың кітап оқуына отбасы әсер еткен. Ол шығармаларын әжесімен жиі талқылайды. Оқушы болашақта мұғалім болғысы келеді. "Кітап оқитын ұлт" марафон аясында бес-алты кітап оқып, әрқайсысы туралы өз пікірін жариялаған", - дейді Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Оқушы әдеби байқаулар мен шығармашылық сайыстарға жиі қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Өзі жазған өлеңдер саны 100-ге жуықтаған.
"Кітапханамызға жиі келетін белсенді оқырмандардың бірі. Көбіне көркем әдебиет пен классикалық шығармаларды оқиды. Оның отбасы да кітап оқуға құмар. Бұл баланың әдебиетке қызығушылығына әсер ететіні сөзсіз", – дейді мектеп кітапханашысы Әсия Әбілдина.
Айтуынша, бүгінде оқушылар әртүрлі жанрдағы шығармаларды таңдайды. Олардың көбі психология мен фэнтези жанрына қызықса, классикалық әдебиетті өз бетінше танып-білуге ұмтылатындар да бар.