Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Үш бөлмелі пәтер, арнайы көмекші: Жетісу облысында төртем туған отбасыға ерекше сый жасалды

Жетісу облысында төртем дүниеге келген отбасына үш бөлмелі пәтер сыйға тартылды, деп хабарлайды paryz.kz Кербұлақ ауданы әкімдігіне сілтеме жасап. 

Үш бөлмелі пәтер, арнайы көмекші: Жетісу облысында төртем туған отбасыға ерекше сый жасалды
Фото: әлеуметтік желіден

Әкімдіктің Instagram-дағы парақшасында жарияланған мәліметке сүйенсек, перзентханадан шығып, үйіне оралған ананы жерлестері салтанатпен қарсы алып, жаңа пәтер кілтін табыстаған.

Өңір басшысының атынан ата-анасы мен сәбилерді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтаған. 

"Сарыөзек ауылында отбасына жаңа көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатынан үш бөлмелі пәтер беріп отырмыз. Пәтерде жайлы тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Альмира Алматы қаласында болған кезде облыс әкімі күн сайын балалардың жағдайын сұрап-біліп отырды. Біз Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының мамандарымен тұрақты байланыста болып, ана мен балалардың жағдайын бірге бақыладық. Төрт сәбиді бірдей күтіп-бағу оңай емес. Сондықтан Альмираға балалардың күтіміне көмектесетін арнайы көмекші беріледі. Жалпы, бүлдіршіндердің дені сау болып өсіп, аман-есен жетілуі үшін өз тарапымыздан барлық қажетті көмекті көрсетеміз", - деді Марлен Көлбаев отбасына жаңа пәтер кілтін табыстау кезінде.