Ақтөбе облысындағы қария малшының ісіне қатысты қоғамда қалыптасқан пікірге заңгер Айгүл Орынбек те үн қосты. Ол әлеуметтік желідегі қызу талқылауларға қатысты ойын айтып, кез келген оқиғаға құқықтық тұрғыдан баға берудің маңызын атап өтті, деп хабарлайды paryz.kz.
Заңгердің сөзінше, әлеуметтік желіде тараған алғашқы бейнежазба жұртшылықтың эмоциясына әсер етіп, оқиғаға біржақты көзқарас қалыптастырған.
«Жалған ақпаратты тарату арқылы қоғамның эмоциясымен қалай ойнауға болатынын осы оқиға көрсетті. Қарияның видеосын көріп, мен де ашуландым. Бірақ істің материалдарын зерттемей жатып пікір білдіруге асықпадым. Руслан Өтепбай жариялаған мәліметтерден түсінгенім – қария апелляциялық сотта толық ақталмаған. Ол шартты түрде және амнистия негізінде ғана босатылған. Демек, қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам», – деді ол.
Айгүл Орынбек бұл оқиғада өзін ең қатты алаңдатқан жайт – инсульт алған қарияның ауыр еңбекпен айналысуын жалғастыруы екенін айтты.
Оның пікірінше, мұндай жағдайға ең алдымен жақындары да бейжай қарамауы керек. Сонымен қатар заңгер кәсіпкерлерді жаппай айыптап, эмоцияға негізделген үндеулер жасаудың мәселені шешпейтінін жеткізді.
Оның айтуынша, басты назар қарттардың осындай жағдайға тап болуына жол бермейтін жүйе қалыптастыруға аударылуы қажет.
«Халыққа айтарым – ақпараттың рас-өтірігін анықтамай жатып ешкімге үкім шығаруға асықпаңыздар. Әр сөздің салмағы бар. Әділетті қоғам құру үшін эмоцияға емес, ақыл мен заңға сүйенуіміз қажет», – деп түйіндеді заңгер.