Блогер Мөлдір Анарбаева әлеуметтік желіде өзгелерге өмір сүруді үйретіп, отбасылық қарым-қатынасқа қатысты кеңес беретін коучтар мен ақылгөй блогерлерге үндеу жасады. Ол көпшілікті желідегі сәнге айналған сөздерге соқыр сенбеуге, ақпаратты сараптауға және ұлттық құндылықтарды сақтауға шақырды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Блогердің айтуынша, әлеуметтік желідегі танымалдылық немесе қаржылық табыс адамның даналығын білдірмейді. Соған байланысты ол оқырмандарын өзгенің отбасылық өміріне араласатындардан сақтануға шақырды.
«Ұлттық құндылықтан айрылғанда ұлт жойылады! Ұлтқа қастандық жасамаңдар! Ақшасы бар я атағы бардың бәрі ақылды емес! Өз ойыңа салуды ұмытпа! “Заржақ” ақылгөйлердің барлық әңгімесін сіңірме!», — деп жазды блогер өзінің парақшасында.
«Бүкіл ер-азаматты айыптауға болмайды»
Мөлдір Анарбаева жекелеген жағымсыз кейстерге сүйеніп, елдегі барлық ер-азаматтарды жаппай сынап, қаралауды дұрыс емес деп санайды.
«Қазақтың барлық еркегі оңбаған емес! Ара-тұра жылт еткен оңбағандар үшін оларды түгілдей талау жөн емес! Әлемнің жазылмаған заңдылығына қарсы келмейік. Еркек — үйдің қорғаны және басы. Онымен ақылдасып, сұранып, құрметтеу әйел құнын төмендетпейді!», — деді ол.
Отбасылық сыйластық пен отағасының орны
Сондай-ақ ол әйел адам қанша жерден қаржылық тұрғыда тәуелсіз болса да, отбасындағы отағасына деген құрметін жоғалтпауы тиіс екенін атап өтті.
«Мың жерден ақша тауып, дүниенің тірлігін атқарсаң да, ақылың болса, ерім деп жоғарылатып қоясың. Ал дүние біткенде менің көбейсе — түк көрмегендігің! Арзандамаңдаршы, адамдар...», — деп түйіндеді сөзін блогер.