Прямая трансляция

Астана

Астана

17°C

Блогер Маркиза Еркебұлан Тоқтармен қарым-қатынасы қалай басталғанын айтып берді

Көпшілікке Маркиза лақап атымен танымал блогер Дарья Родгорная актер Еркебұлан Тоқтармен қарым-қатынасы туралы алғаш рет ашық айтып, сезімдерінің қалай басталғанын баяндады, деп хабарлайды paryz.kz.

Блогер Маркиза Еркебұлан Тоқтармен қарым-қатынасы қалай басталғанын айтып берді
Коллаж: paryz.kz

Блогер бұл туралы Аман Тасығанға берген сұхбатында айтты. Дарьяның сөзінше, олар Instagram арқылы танысқан.

Алғаш болып Еркебұлан өзі хабарласып, гүл жіберген. Алайда блогер бастапқыда актердің кім екенін білмеген.

«Одан "Сен соншалықты танымал екенсің, өзің кімсің?" деп сұрадым. Ол менің өзін танымайтыныма таңғалды. Шынымен де, ол кезде Еркебұланның кім екенін білмейтінмін», – деді Маркиза. 

Кейін актер оны кездесуге шақырған. Алайда Дарья бірден келіспей, Еркебұланға өзін сөзбен емес, ісімен көрсетуі керек екенін айтқан. Бірнеше айдан кейін Еркебұлан қайта хабарласып, кездесуге ұсыныс жасаған. Бұл жолы Дарья келісім бергенімен, белгіленген уақытта ұйықтап қалып, кездесуге бара алмаған. Соған қарамастан актер бір аптадан кейін тағы да кездесуге шақырған. Үшінші талпыныстан кейін ғана олардың алғашқы кездесуі өткен.

Блогердің айтуынша, сол кештен кейін Еркебұлан туралы пікірі түбегейлі өзгерген.

«Ол өзін өте сыпайы, қамқор адам ретінде көрсетті. Есік ашып береді, жағдайыңды ойлайды, тамақтандырады. Мен қатты таңғалдым. Өйткені Instagram-дағы парақшасына қарап, оны мүлде басқаша елестеткен едім», – деді ол.

Дарья алғашқы кездесудің шамамен сегіз сағатқа созылғанын айтты. Олар ұзақ сөйлесіп, қаланы аралаған, тіпті Еркебұланның бургер сататын орнына барған.

«Бәрі сондай шынайы өтті. Тіпті бала кездегідей ішіңде көбелек ұшқандай сезім болды. Мен ғашық болдым. Оның да сезімі оянғанын байқадым. Бір-бірімізден ажырағымыз келмей, сағаттап сөйлестік», – деді Маркиза.

Осы кездесуден кейін екеуі күн сайын сөйлесіп, жиі кездесіп жүрген. Ал олардың қарым-қатынасы көпшілікке кездейсоқ белгілі болған.

Дарьяның айтуынша, олар бұған дейін де ел көп жиналатын орындарда бірге болған. Бір күні Еркебұлан жұмыстан, ал Дарья жаттығудан кейін кездесіп, түскі ас ішкен. Сол сәтте оларды біреу суретке түсіріп алған. Блогер бұл жағдайға ренжігенін жасырмады. Себебі ол жеке өмірін көпшілікке жария еткісі келмеген.

«Мен үшін қарым-қатынас – екеуара, жеке дүние. Еркебұланды Instagram-дағы оқырманымды көбейтетін мүмкіндік немесе ақпараттық себеп ретінде қабылдаған жоқпын. Ол маған ер азамат ретінде ұнады, мен үшін маңызды адам болды», – деді Дарья.