Бас прокуратура азаматтарға алаяқтардың кең таралған схемаларының бірі туралы ескертті. Қаскөйлер өздерін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды алаяқтардан қорғау сылтауымен олардың ақшалай қаражатын иемденіп жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz.
Тек соңғы бір жарым айдың ішінде республика бойынша осыған ұқсас 39 факт тіркелген.
Мәселен, 2026 жылғы 17 қыркүйекте Ұлытау облысының Полиция департаменті Жезқазған қаласының тұрғынынан ақшалай қаражатты жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Алаяқтар ер адамға өздерін Ұлттық Банктің қызметкерлері ретінде таныстырып, оның дербес деректерін бөгде адамдар иемденгенін және шоттарындағы ақшаны ұрлауға әрекет жасалып жатқанын айтқан.
Қаскөйлердің сөзіне сенген азамат олардың нұсқауы бойынша депозиттеріндегі барлық қаражатын шешіп алып, ақшаны «қауіпсіздендіру» мақсатында үшінші тұлғалардың шоттарына аударған. Келтірілген залал 9 млн теңгені құрады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Бас прокуратура азаматтарды қырағылық танытып, телефон арқылы айтылған күмәнді талаптарға сенбеуге шақырады.
Ұлттық Банктің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері азаматтарды алаяқтардан қорғау деген сылтаумен телефон арқылы несие рәсімдеуді, мүлікті сатуды немесе ақшаны үшінші тұлғаларға аударуды талап етпейді.
Сондай-ақ бөгде адамдарға SMS-кодтарды, парольдерді, банк карталарының деректерін және ақша қаражатына қол жеткізуге мүмкіндік беретін басқа да мәліметтерді бермеңіз.