Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

«10 жастағы қызыма алты жыл бойы зорлық көрсеткен»: Гүлмира Әбіқай жан түршігерлік оқиғаны айтты

Журналист Гүлмира Әбіқай «Дау-дамайсыз» бағдарламасының жаңа шығарылымында кәмелетке толмаған қызға қатысты ауыр жағдайды жария етпек. Оның айтуынша, бағдарламаға хат жазған келіншек 10 жастағы қызына қатысты жан түршігерлік жайтты баяндаған, деп хабарлайды paryz.kz.

«10 жастағы қызыма алты жыл бойы зорлық көрсеткен»: Гүлмира Әбіқай жан түршігерлік оқиғаны айтты
Фото: видиодан скриншот

Журналист әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарынан көптеген хат келетінін, олардың арасында жылдар бойы қорлық көріп, ішкі күйікті ешкімге айта алмай жүрген әйелдер де бар екенін жазды.

Гүлмира Әбіқайдың сөзінше, кейбір әйелдер туыстарынан ұялып, өздеріне жасалған зорлық-зомбылық туралы ашық айтуға батпайды.

«Қыздар! Айналайын, сіңілілерім! Сендерді біреудің қорлап-зорлап, кішкентай бауырларыңды өгей шешенің ұрып-соғып жүргенін жариялау ешқашан, ешкімнен ұят емес! Қайта туыстардың соны сезе тұра көз жұма қарауы ұят әрі қылмыс», – деп жазды журналист.

Оның мәліметінше, бағдарламаның бұл жолғы кейіпкері 10 жастағы қызына қатысты ауыр жағдайды баяндаған. Әйелдің айтуынша, заңды некедегі күйеуі алты жыл бойы қызына жыныстық сипаттағы зорлық көрсетіп келген.

Журналист бұл оқиғаны өзгелерге сабақ болуы тиіс деп санайды. Сондай-ақ Гүлмира Әбіқай бір жылдық үзілістен кейін «Дау-дамайсыз» бағдарламасы қайта эфирге оралғанын хабарлады. Жаңа шығарылым 6 қараша күні сағат 20:30-да КТК телеарнасынан көрсетіледі.