Прямая трансляция

Астана

Астана

11°C

Қазақстанда 1 миллионнан астам адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр: Ұлттық статистика бюросы жаңа деректерді жариялады

Қазақстанда 2026 жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5%-ды құрады. Бұл бірінші тоқсандағы көрсеткіштен (4,9%) жоғары болғанымен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен (2025 жылдың II тоқсанында 5,1%) салыстырғанда төмен, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қазақстанда 1 миллионнан астам адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр: Ұлттық статистика бюросы жаңа деректерді жариялады
Фото: Paryz.kz

Елде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын 172 518 аз қамтылған үй шаруашылығы тіркелген, оларда жалпы 1 034 000 адам тұрады. Сонымен қатар 5 697 үй шаруашылығындағы 34 506 азаматтың табысы тіпті азық-түлік кәрзеңкесінің құнына да жетпейді, бұл отбасының әр мүшесіне шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 55%-ынан аз.

Анықтама үшін: 2026 жылдың II тоқсанында Қазақстан бойынша орташа ең төменгі күнкөріс деңгейі айына бір адамға 67 618 теңгені құрады.

Ең кедей өңірлер қайсы?

Өңірлік тұрғыда кедейлік деңгейі бойынша көш бастап тұрғандар:

  • Түркістан облысы – 8,4%;

  • Абай облысы – 7,6%;

  • Жетісу облысы – 7,2%.

Ірі қалалар арасында бұл көрсеткіш Шымкентте – 5,3%, Алматыда – 4,1%, ал Астанада ең төменгі деңгейде – 2,9% болды.

Ауыл мен қала арасындағы алшақтық

Кедейлік деңгейі халықтың тұратын жеріне тікелей байланысты болып отыр. Қалаларда бұл көрсеткіш орташа есеппен 3,7%-ды құраса, ауылдық жерлерде 7,4%-ға жеткен.

Ауылдық аймақтар арасында ең жоғары кедейлік деңгейі Ақтөбе облысының ауылдарында (11%) және Түркістан облысында (10%) тіркелді. Ал Қарағанды облысының ауыл тұрғындары бәрінен «жақсы» тұрады – мұнда бұл көрсеткіш бары-жоғы 4%.

Айта кету керек, екінші тоқсандағы ең төменгі кедейлік деңгейі Шығыс Қазақстан облысының қалаларында тіркелді – орташа есеппен небәрі 1,7%.