Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға байланысты әлеуметтік желілерде тарап жатқан манипуляциялық хабарламалар мен фейк деректерге қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, мемлекеттік органдардың жедел әрі ашық ақпарат таратуына қарамастан, желіде анонимді аккаунттар, жасанды интеллект көмегімен жасалған контент пен ескі бейнежазбаларды пайдалану арқылы қоғамдық наразылық тудыру әрекеттері жиілеген.
Орталық теріске шығарған басты фейктер мен нақты фактілер:
Қаза болғандар саны: Желіде қаза тапқандардың нақты саны жасырылып жатқаны туралы ақпарат тараған. Нақты факт: Іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталып, ресми түрде 14 әскери қызметшінің қаза тапқаны расталды.
Тапсырманың орындалу барысы: Әскерилердің тікұшақтан десантталғаны туралы қауесеттер шындыққа жанаспайды. Нақты факт: Тергеу мәліметтеріне сәйкес, әскери қызметшілер тапсырманы катерді пайдалану арқылы орындаған.
Командир туралы айыптаулар: Бөлдегі командирдің мас күйінде болғаны туралы мәліметтер теріске шығарылды. Сөз болып отырған командир өз сарбаздарымен бірге қаза тапқан, ал оның алкогольдік масаң күйде болғанын растайтын ешқандай дерек жоқ.
Фейк видеолар мен фотолар: Тамыз айында түсірілген ескі видеолар «мәйіттерді тасымалдау» ретінде және Марокконың Танжер қаласында түсірілген ролик Каспий жағалауындағы оқиға ретінде бұрмаланып таратылған.
Тергеу барысы: Тергеу жүргізіліп жатқан жоқ деген ақпарат та шындыққа жанаспайды. Оқиға бойынша Үкіметтік комиссия құрылып, қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды тексеру бойынша жеке комиссия жұмыс істеп жатыр.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады. ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.