Прямая трансляция

Астана

Астана

18°C

Қазақстан мектептерінде 2-4 сынып оқушыларының алғашқы аралық бағалауы өтеді

23-30 қыркүйек аралығында мектептерде 2-4 сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау кезеңі өтеді, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қазақстан мектептерінде 2-4 сынып оқушыларының алғашқы аралық бағалауы өтеді
Фото: pixabay.com

2026-2027 оқу жылында 2-4 сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Бағалаудың бұл екі түрі бірін-бірі толықтырып, оқу процесі барысында қатар қолданылады.

Аралық бағалау оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша жүргізіледі. Оның форматы пәнге байланысты белгіленеді.

Қазақ тілі немесе орыс тілі пәндерінде оқушылар диктант жазып, оқу сауаттылығына арналған тапсырмаларды орындайды. Бұл ретте мәтінді сауатты жазуы және оның мазмұнын түсінуі бағаланады.

Әдебиеттік оқу пәнінен шығарма немесе мазмұндама жазылып, оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар беріледі. Оқушының мәтінді түсінуі, негізгі ойды анықтауы және өз ойын жүйелі жеткізуі ескеріледі.

Математика пәнінен бақылау жұмысы алынады. Оқушылардың есептеу дағдыларымен қатар, есептің шартын түсінуі, шешу жолын дұрыс таңдауы және жауабын негіздей алуы бағаланады.

Бір аралық бағалау жұмысына 40 минут беріледі. Ең жоғары балл 2-сыныпта – 12, 3-сыныпта – 14, 4-сыныпта – 16 балды құрайды.

Ал формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасады. Педагог әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалап, тоқсанға жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде 50 пайызын қамтуы тиіс. Нәтиже 1-10 балдық шәкіл бойынша бағаланады.

WhatsApp Image 2026-09-22 at 10.54.53.jpeg

Сонымен қатар каллиграфия арнайы бағалау мақсаты болмаса, оқушының жазу ерекшелігі оның бағасын төмендетуге негіз болмайды.

1-сынып оқушыларына балдық бағалау жүргізілмейді.

Бағалаудың негізгі мақсаты – оқушыға тек баға қою емес, оның оқу материалын қаншалықты меңгергенін анықтау, ілгерілеуін бақылау және одан әрі дамуына бағыт беру. Осылайша бағалау баланың алға жылжуына көмектесетін кері байланыс құралы ретінде қарастырылады.