Қазақ ән өнерінің аңыз тұлғасы Роза Бағланованың келіні Марал қайын енесімен бірге өткізген жылдары туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Ол әйгілі әншінің отбасындағы болмысы, адамгершілігі мен келіндеріне деген қарым-қатынасы жайлы сыр айтты, деп хабарлайды paryz.kz.
Бұл туралы продюсер Әлия Құдайбергенова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, ол жақында Роза Бағланованың 15 жыл тұрған үйіне барып, әншінің келінімен сұхбаттасқан.
Маралдың әңгімесінен Роза Бағланованың қандай жан болғанын, отбасында қандай із қалдырғанын аңғаруға болады.
Келінінің сөзінше, әнші ешқашан біреуді сыртынан жамандап, өсек айтпаған. Адамның көңіліне тиетін сөздерден де аулақ болған. Ол үшін адамның ішкі мәдениеті мен тәрбиесі маңызды еді. Роза Бағланова күнделікті өмірде де өте қарапайым болған.
Жоқшылықты көріп өскендіктен, астың қадірін ерекше білген. Тіпті нанның қиқымын да далаға тастамай, тамақты талғамай жейтін. Келінінің айтуынша, әнші қуырдақты жақсы көрген.
Әншінің немерелеріне деген махаббаты да ерекше болған. Оларды өз байлығы санап, бар мейірімін төккен. Сондықтан немерелері әлі күнге дейін апаларын еске алғанда толқып, көңілдері босайды.
Марал енесінің отбасындағы түсініспеушіліктерге де сабырмен қарайтынын айтты. Келіні ұлымен ренжісіп қалып, шағымын айта бастағанда, Роза Бағланова бірден араласпай, жарты сағаттан кейін сөйлесуді ұсынатын болған. Осы уақыт ішінде ашу басылып, мәселе де басқаша шешілетін.
«Ол кісі өмірінің соңғы сәттеріне дейін бөлмесінен әсемденбей, шашын реттемей, әтірін сеппей шықпайтын. Ешқашан! Әсіресе немерелерінің көзінше өзін күтпеген күйде көрсетпейтін», – деп еске алды Марал.
Сондай-ақ ол осы әулетке келін болып түскен күннен бастап өз армандарын кейінге ысырып қойғанын жеткізді. Бар мақсаты Роза Бағланованың алаңсыз өмір сүріп, жүзінен күлкі кетпеуіне жағдай жасау болған.
«Елдің адамының келінімін, жалғыз ұлдың жарымын. Осы кісі еркін жүрсін, осы кісінің жүзі жарық болсын дедім. Күлімсіреп жүретін. Мамамның ерекшелігі, берекесі, сұлулығы да сол күлкісі еді», – деді ол.
Марал енесінен үйренген әдеттерін әлі күнге дейін жалғастырып келеді. Соның бірі – Роза Бағлановадан үйренген бауырсақтың рецепті. Ол әлі де сол тәсілді пайдаланып, енесінің өнегесін ұмытпайтынын айтты.