Әнші Меруерт Түсіпбаева Өскеменде әкесі 12 жастағы қызын ернінен сүйген видеоға қатысты пікір білдірді. Өнер иесі әлеуметтік желіде тараған жазбаға бейжай қарай алмағанын айтып, оқиғаның мән-жайына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды paryz.kz.
Меруерт Түсіпбаева қыздың анасы түсірген видеоға назар аударған. Ол әйелдің камера алдындағы күлкісі мен өзін ұстауын жасанды деп қабылдағанын айтып, мұны ананың көмек сұраған белгісі болуы мүмкін деген болжамын жеткізді.
«Шыны керек, мына кісінің әйелі, яғни қыздың анасы өзі түсірген видео тарап кеткен. Бұл арнайы көмек керек дабылы емес пе екен?! Ананың жанайқайы емес пе екен бұл? Өйткені, профайлер болмасам да, қыздың анасының күлкісі, ақталғаны барлығы жасанды көрінді маған», – деп жазды әнші.
Сондай-ақ өнер иесі қыздың әкесіне қатысты да бірқатар сауал қойып, оның туған әкесі немесе өгей әкесі екенін білгісі келетінін жеткізді. Бұған қоса, жасөспірім қыздың денсаулығына қатысты мамандардың тексеруі қажет болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Бәлкім, қыз баланы гинеколог мамандар тексеруі қажет болар. Ал анасына психолог / профайлер керек-ау», – деп түйіндеді Меруерт Түсіпбаева.
Айта кетейік, әншінің бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан оқиғаға қатысты жарияланды. Меруерт Түсіпбаева өз пікірінде қыз баланың қауіпсіздігі мен анасының психологиялық жағдайына назар аудару қажеттігін көтерді.