Актриса Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне қатысты пікір жазып, жеке өмірін талқылайтындарға үндеу жасады. Өнер иесі еңбегін бағаламай, табысын сөз ететіндерге жауап беріп, енді артық әңгіме жазғандарды парақшасынан шығарып отыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz.
Дариға Бадықова жазбасында өзгенің өмірін талқылап, тағдырына қатысты пікір айтатын адамдарды сынға алды. Оның сөзінше, ешкім баласының болашағына, денсаулығына және бақытына кепілдік бере алмайды.
«Бүгін біреудің өмірін табалап, ертең өз бастарыңа не келетінін білмейсіңдер. Өсіріп отырған ұл-қыздарыңның ертеңгі тағдыры қандай боларын да білмейсіңдер. Ешкім баласының болашағына, денсаулығына, бақытына кепілдік бере алмайды. Сондықтан өзгенің тағдырын талқыламас бұрын, осыны бір ойланыңдар!» – деп жазды актриса.
Өнер иесі өз өміріне қатысты жағымсыз пікірлер жазатындарға да үн қатты. Ол оқырмандарын біреудің тіршілігін бақылап, сынаудың орнына өздерін дамытуға шақырды.
«Біз сендер сияқты біреудің өмірін аңдып, пікір жазып отырған жоқпыз. Еңбек етіп, тіршілігімізді жасап, өз өмірімізді сүріп жүрміз. Сендер де солай жасап көріңдер! Біреуді күндеудің орнына өздеріңді дамытыңдар! Менің үндемегенімді әлсіздікке, тәрбиемді қорқақтыққа баламаңдар. Үндемегенге үдемеңдер! Әр нәрсенің шегі бар!» – деді ол.
Сондай-ақ Дариға Бадықова өзінің кәсібі мен табысына қатысты айтылған пікірлерге тоқталды. Актриса бұл мамандыққа кездейсоқ келмегенін, оның артында жылдар бойғы еңбек пен білім жатқанын атап өтті.
«Ақша үшін не істемейді бұлар деп ауыздарыңа келгенді айтатындарға! Бұл мамандық көшеден келген жоқ! Төрт жыл академияда оқыған білімнің, жылдар бойғы маңдай тердің, табандылық пен күрестің жемісі!» – деп жазды өнер иесі. Оның айтуынша, табысқа жету үшін өзгенің қалтасын санағаннан гөрі, білім алып, ізденіп, еңбектену керек. «Біз біреудің қалтасына емес, өз білімімізге, қабілетімізге, еңбегімізге сүйеніп келдік! Біреудің тапқан ақшасын санағанша, өзіңнің неге жете алмай жүргеніңді ойлан. Біздің табысымызға тіл тигізгенше, сол деңгейге жету үшін қанша тер төгілгенін түсініп алыңдар!» – деді ол.
Сонымен қатар актриса өзін қолдап, еңбегін бағалайтын оқырмандарына алғыс айтты. Дегенмен өзгенің жетістігін көре алмайтын адамдар да бар екенін жеткізді.
Жазбасының соңында Дариға Бадықова сын айту мен орынсыз әңгіме таратудың екі бөлек екенін атап өтті. Ол жеке парақшасына артық пікір жазатын адамдарды бұдан былай бұғаттап немесе оқырмандар қатарынан шығарып отыратынын мәлімдеді.
«Бұл парақша менікі! Сын айтудың, қаралап артық әңгіме айту екі бөлек! Енді артық әңгіме жазғандарды шығарып отырамын!» – деп түйіндеді актриса.