Прямая трансляция

Астана

Астана

32.47°C

“Сұлудың жоқ дегені - иә“: Танымал әнші көпшіліктен кешірім сұрады

Қазақстандық әнші Әділет Жауғашар әлеуметтік желіде сынға ұшыраған "Сүй, иә" әнін бұдан былай орындамайтынын мәлімдеді. Әртіс видеоүндеу жариялап, даулы жолдардың шығу төркінін түсіндірді және тыңдармандардан кешірім сұрады, деп хабарлайды paryz.kz. 

“Сұлудың жоқ дегені - иә“: Танымал әнші көпшіліктен кешірім сұрады
Фото: әлеуметтік желіден

Қызу талқыға қайырмадағы "Сұлудың жоқ дегені - иә" деген сөздер себеп болды. Желі қолданушылары мұндай тұжырым қыздың бас тартуын елемеу және оның еркінен тыс әрекеттерді ақтау ретінде қабылдануы мүмкін екенін атап өтті.

Әнші композиция төңірегіндегі жарияланымдар мен пікірлерді көргенін айтты. Оның сөзінше, ән жазылған кезде авторлар қазақ жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың сөздеріне сүйенген, бірақ мұндай тіркеске көзқарас қаншалықты өзгергенін ескермеген.

"Біз "Сүй, иә" әнін Әзілхан Нұршайықовтың сөзіне сүйене отырып жаздық. Бірақ Әзілхан Нұршайықов өмір сүрген қоғам мен біз өмір сүріп жатқан қоғам екі түрлі екенін аңғармаппыз. Көптің көңіліне тиіп кетеді деп ойлаған жоқпыз", - деді орындаушы.

Жауғашар зорлық-зомбылыққа, қатыгездік пен озбырлыққа қарсы екенін айтты.

"Зорлық-зомбылық пен қатыгездікке мен де қарсы адамдардың бірімін. Содан кейін шығар, анаммен өстім, әкеммен емес", - деді әнші.

Осыдан кейін әртіс бұл әнді енді орындамайтын болып шешкенін мәлімдеді.

"Көңілдеріңізден шықпай, ұнамай жатса, мен бұл әнді енді орындамаймын деп шештім", - деді ол.