Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов бұрынғы жұбайы Жанна Жанықұлованың әлеуметтік желіде жариялаған мәлімдемесіне жауап берді. Оның айтуынша, тараптар арасындағы дау қазіргі уақытта сотта қаралып жатыр, ал мұндай мәселелерге құқықтық тұрғыда баға берілуі тиіс, деп хабарлайды paryz.kz.
Айтуынша, таңертеңнен бері журналистер хабарласып, экс-жұбайының видеоүндеуіне қатысты түсініктеме сұрағандықтан, ол көпшілікке ортақ жауап беруді жөн санаған. Жанықұлов ең алдымен барлық даулы мәселелер әлеуметтік желіде емес, заң аясында шешілуі керек екенін айтты.
«Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз және барлық дауларды сот арқылы шешуіміз керек. Қазір сот процесі жүріп жатқан кезде бұрынғы жұбайымның әлеуметтік желілер арқылы сотқа ықпал етуге тырысуын дұрыс емес деп санаймын. Бірақ бұған сабырмен қараймын», – деді кәсіпкер.
Оның сөзінше, қазіргі таңда сотта бұрынғы жұбайының үш жылдан астам уақыт бұрын өз еркімен қол қойған құжаттарды даулау туралы талабы қаралып жатыр. Кәсіпкер бұл құжаттар дайындалған кезде екі тараптың да кәсіби адвокаттары болғанын атап өтті.
«Құжаттарды әзірлеу кезінде менің де, оның да білікті заңгерлері болды. Кейін өзара келісімге келіп, нотариус қатысуымен барлық қажетті құжаттарға қол қойдық. Сол кезде ешқандай мәселе болған жоқ. Қазір оның көзқарасы өзгерген сияқты. Енді бұл жағдайға сот баға береді деп күтіп отырмыз», – деді ол.
Сондай-ақ Жанықұлов ажырасқаннан кейін де келісілген міндеттемелерді орындап келе жатқанын жеткізді. «Біз әлдеқашан ажырастық. Мен құжаттарда келісілген барлық міндеттемені орындап келемін. Балаларымызбен қарым-қатынасым жақсы. Оларды қамтамасыз етіп, қолдап келемін және мұны алдағы уақытта да жалғастырамын», – деді кәсіпкер.
Сөз соңында ол қоғам өкілдері мен желі қолданушыларына үндеу жасап, бұл тақырыпты талқылау балалар мен жақындарына әсер етуі мүмкін екенін айтты.
«Бұл – жеке өмір мәселесі. Егер маған бұл әсер етпесе де, балаларымыз бен жақындарымыз мұндай назардан зардап шегуі мүмкін. Сондықтан барлық жағдайды толық білмей тұрып қорытынды жасауға асықпау керек», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Жанна Жанықұлова әлеуметтік желіде үндеу жасап, кәсіпкермен 20 жыл заңды некеде тұрғанын және бес баланы дүниеге әкелгенін айтқан болатын. Оның сөзінше, ажырасуға жолдасының бірнеше рет опасыздық жасауы мен басқа әйелдермен байланысы себеп болған.
Сонымен қатар ол кейінгі жылдары кәсіпкердің өмірінде жаңа әйел пайда болғаннан кейін мүлікке қатысты дау басталып, ресми ажырасу рәсімделгенін мәлімдеді. Жанна Жанықұлова қазіргі сот процесінің әділ өтіп жатқанына күмән келтіретінін айтып, қоғамнан қолдау сұрады.