Халық әртісі Роза Рымбаева соңғы уақытта өзінің аты мен беделін пайдаланып жүрген жалған жарнама жасаушылар туралы мәлімдеме жасап, халыққа арнайы үндеу жолдады. Әнші бұл әрекетті алаяқтық деп бағалап, қазақстандықтарды мұқият болуға шақырды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Әлеуметтік желілерде танымал тұлғалардың аты-жөнін пайдаланып, түрлі медициналық немесе қаржылық өнімдерге жарнама жасау фактілері жиілеп барады.
Бұл жолы алаяқтар аңыз әнші, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның атын жамылып, жалған ақпарат таратқан.
Алайда өнер иесі бұл жайтқа үнсіз қалмай, ресми түрде мәлімдеме жасады. Роза Қуанышқызы бұл жалған жарнамалардың ешқайсысына қатысы жоғын ашық айтты.
Құрметті қазақ елі! Мен әнші Роза Рымбаева. Кейінгі кезде менің атымнан көптеген өтірік рекламалар жүріп жатыр. Ешқандай 'КазАтомПром', ешқандай қысым, давление, ешқандай тізем ауыратын, ешқандай менің ауруым жоқ. Мен 100 пайыз дені сау әйелмін. Ешқандай рекламаға сенбеңіздер. Барлығы да өтірік. Барлығы да аферистердің жасап жатқан жұмысы», – деді әнші. Халық әртісі қазақ еліне жалған жарнамаларға сенбеуге шақырды.