Прямая трансляция

Астана

Астана

36.02°C

«Тырнақ астынан кір іздеп отырсыздар»: Орыс тілін білмегенін әзілге айналдырған даяшы қыз ренішін айтты

Астанада Dido отбасылық дәмханасы жариялаған видеоролик әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Көпшілік видеода даяшының орыс тілін түсінудегі қиындығы әдейі күлкілі жағдай ретінде көрсеткенін айтып, наразылық білдірді. Бұл жағдайға қатысты даяшы түсініктеме берді, деп хабарлайды paryz.kz.

«Тырнақ астынан кір іздеп отырсыздар»: Орыс тілін білмегенін әзілге айналдырған даяшы қыз ренішін айтты
Коллаж: paryz.kz

Видеода дәмхана қонағы қызметкерге орыс тілінде тағамға қатысты бірнеше сұрақ қояды. Қыз жауап беруге қиналған. Ал видео авторлары бұл жағдайды әзіл ретінде ұсынған.

Жарияланымнан кейін Threads желісінде кафе әкімшілігінің әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған жазбалар тарады. Кей қолданушылар видеода «ұлтаралық араздықты қоздыру элементтері» бар деп есептеп, Астана прокуратурасына назар аударуға шақырды.

Осыдан кейін Дидо дәмханасы әлеуметтік желідегі парақшасында ресми түсініктеме жариялады.

«Жарияланған видеомыздың көпшіліктің көңіліне тиіп, жағымсыз әсер тудырғанын түсіндік. Бұл жағдай үшін баршаңыздан шын жүректен кешірім сұраймыз. Видеоны барлық әлеуметтік желіден өшірдік. Оны жариялау кезінде қоғамның қабылдауын дұрыс бағаламағанымызды мойындаймыз. Ешкімді ренжіту немесе қандай да бір құндылықтарды құрметтемеу ниетіміз болған жоқ. Дегенмен, бұл біздің жауапкершілігімізді азайтпайды», – делінген кафе мәлімдемесінде.

Кафе өкілдері сын-пікір білдіргендердің барлығына алғыс айтып, жағдайдан тиісті қорытынды шығаратынын және алдағы уақытта жарияланатын контентке мұқият қарайтынын жеткізді.

Ал видеодағы қызметкер жағдайға қатысты өз түсініктемесін берді. Ол көзіне жас алып, видеоны өзінің кафеде үш жыл жұмыс істеу барысында басынан өткен жағдайлардың бірі ретінде түсіргенін айтты.

«Мен өзім кафеде үш жыл істегенмін. Үш жылда басымнан неше түрлі жағдай өтті. Неше түрлі клиенттер келеді, түсінбеушілік жағдайлар көп болады. Басымнан өткен жағдайды видео жасап салған болатынмын. Әзіл ретінде. Оны ушықтырып, өз-өзімізді аяқтан шалуды жақсы көреміз ғой. Болмайтын нәрсеге тырнақ астынан кір іздеп отырсыздар», – деді ол.

Бойжеткеннің айтуынша, видеода ешкімді балағаттау немесе күш көрсету болған жоқ.

«Біреуді балағаттап, ұрып-соғып жатқан жоқпын видеода. Қазақ қазақты шалып жатыр. Басқа халықтар бір-біріне десе өледі. Қазақ біз өз-өзімізді жеп жатырмыз. Болмайтын видео, басынан өткен жағдай. Неге соны түсінбейсіздер?» – деді бойжеткен.