Алматыдағы шекара қызметінің әскери бөлімінде әскер қатарына шақырылғанына бір апта ғана болған сарбаз қайтыс болды, деп хабарлайды Paryz.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Нұрасыл Бексұлтан 2025 жылғы 27 қыркүйекте әскерге шақырылып, Қарасай ауданындағы шекара бөлімінде қызмет еткен. Алайда бір апта өткен соң көз жұмған.
"Жүрегіміз бір жамандықты сезгендей оны әскерге жібергіміз келмеді. Бірақ Нұрасыл "Отан алдындағы борышымды адал атқарып, ел қорғағым келеді" деп мақтанышпен айтатын. Ол үшін әскери қызмет ел алдындағы абырой мен жауапкершілік болатын", - дейді туыстары.
Алдын ала мәлімет бойынша, Нұрасылдың өліміне менингит себеп болған. Алайда отбасы бұл нұсқаға күмән келтіреді, себебі бір апта бұрын ол өзін жақсы сезінген, ешқандай ауру белгілері байқалмаған.
"Таңертеңнен бері бізге оның денесін көрсетпей жатыр. Бір мекемеден екіншісіне жібереді", - дейді марқұмның тәтесі.
Туыстары әділ әрі жан-жақты тергеу жүргізіп, барлық мән-жайды анықтауды сұрайды.
"Нұрасыл мейірімді, ақжарқын, адал, жүрегі таза бала еді. Әділдікке сенетін, өмірді жақсы көретін. Оның өлімі - біз үшін орны толмас қайғы", - дейді жақындары.
Tengrinews.kz редакциясы Қорғаныс министрлігіне, ҰҚК мен Шекара қызметінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады. Бұған дейін Маңғыстау облысында Дінмұхаммед есімді әскери қызметші көз жұмған болатын. Ол әскерге егіз ағасынан кейін шақырылған.
Алғашында екеуі бір бөлімде қызмет етсе, кейін біреуі басқа бөлімге ауыстырылған. 17 қыркүйекте отбасы қаралы хабар алған: Дінмұхаммед қайтыс болған. Алдын ала нұсқа бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған делінген.
Бірақ туыстары бұл нұсқаға сенбейді. Кейін Қорғаныс вице-министрі Серік Боранбаев 19 жастағы сарбаздың өліміне қатысты пікір білдіріп, егізді ешкім ажыратпағанын, олардың әртүрлі уақытта, әртүрлі елді мекендерден шақырылғанын айтқан.