Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Жетісу және Түрксіб аудандарындағы өнеркәсіптік нысандарға барып, олардың жұмысымен, өндірістік әлеуетімен және инвестициялық жоспарларымен танысты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Алдымен қала әкімі Жетісу ауданында орналасқан «Асфальтобетон-1» ЖШС-на барды. Бұл – қаладағы жол-құрылыс материалдарын шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда жылына 1,5 млн тоннаға дейін асфальтбетон қоспасы, 100 мың тоннаға дейін мұнай битумы, сондай-ақ бетон қоспалары мен тас материалдары өндіріледі.
Зауытта 700 адам еңбек етеді. Кәсіпорын аумағы 26 гектарды қамтиды, оның 5 гектары жасыл желекке бөлінген.
Келесі нысан – Жетісу ауданында орналасқан «Келет» акционерлік қоғамы. 1992 жылы құрылған кәсіпорын қазандықтар мен сорғы бекеттерінен бастап, коммуналдық салаға арналған заманауи жабдықтарға дейін кең ауқымды электротехникалық өнім шығарады.
Компанияның жылдық айналымы шамамен 12 млрд теңге, соның жартысы Қазақстанда өндіріледі. «Келет» өнімдері ішкі нарықпен қатар Ресей, Қырғызстан және Беларусь елдеріне жеткізіледі.
Дархан Сатыбалды кәсіпорынның даму перспективаларына тоқталып:
«Отандық өндіріс пен машина жасау саласының дамуы Алматы үшін де, еліміз үшін де стратегиялық маңызға ие. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында біз өндірісті кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді.
Түрксіб ауданында әкім «Samal» зауытында болды. Қайта жаңғыртудан кейін мұнда 336 жұмыс орны құрылып, өндірістік қуат айына 12 млн литр ауыз суға дейін артқан. Кәсіпорында заманауи жабдық орнатылған, тереңдігі 250 метр болатын екі артезиан құдығы және өнімді жеткізуге арналған автопарк жұмыс істейді.
Соңғы нысан – 1989 жылы құрылған Alina Group компаниясының құрғақ құрылыс қоспалары зауыты. Бүгінде бұл – Қазақстандағы құрылыс индустриясының жетекші кәсіпорындарының бірі. Зауыт 1997 жылдан бері AlinEX және «НАШИ» брендтерімен өнім шығарып келеді. Жылдық өндірістік қуаты 315 мың тоннадан асады, бұл Алматы мен еліміздің оңтүстік өңірлерін толық қамтуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорында шамамен 200 адам жұмыс істейді. Өнім ассортиментіне цемент пен гипс негізіндегі сылақтар, сәндік қаптамалар, еденге арналған тегістеу қоспалары, желімдер және гидрооқшаулағыш материалдар кіреді. Бұл зауыт – бүгінде 18 өндірістік алаңы бар Alina Group компаниясының алғашқы кәсіпорны.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша әкім жауапты қызметтерге қала өнеркәсібін әрі қарай қолдау шараларын пысықтауды тапсырды. Негізгі басымдық – жаңа жұмыс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге және экологиялық стандарттарды сақтауға берілді.