Әнші Қарақат Әбілдина үй гүлдерін өсіру өзі үшін жай ғана хобби емес екенін айтты. Өнер иесі бұл әдетті анасынан үйренгенін айтып, гүлдеріне күтім жасаған сайын марқұм анасын еске алатынын жеткізді, деп хабарлайды paryz.kz.
Әншінің айтуынша, ауылдағы үйінің терезе алды әрдайым гүлге толы болған. Анасы гүлдерді баласындай мәпелеп, суарып, тіпті олармен сөйлесетін болған.
«Марқұм анам қай жерде жүрсе де гүл көрсе, көзі жайнап кетуші еді. Ауруханада жатса да, дәліздегі гүлдердің қасынан жай өте алмайтын. Бір бұтағын үзіп алып: “Осы бізде жоқ”, – деп жинап жүретін», – деп жазды Қарақат Әбілдина.
Әнші анасының гүлге деген ерекше ықыласын әзілмен еске алды.
«Анашым, “Қарақаттың анасы гүл ұрлап жүр” деген атқа қаласыз ғой, камералар түсіріп тұр», – десем: “Осы үшін соттаймын десе, соттасын. Тұқымды сұрап алмайды”, – деп күлетін», – деді ол.
Қарақат Әбілдина гүлдеріне күтім жасау арқылы анасымен рухани байланысын сезінетінін атап өтті.
«Гүлдерімді суарған сайын жан анамды есіме аламын. Гүл өсіру – мен үшін жай ғана хобби емес. Жанымды тыныштандыратын, анаммен жалғап тұрған бір нәзік жіп секілді», – деп жазды әнші.