Танымал әнші Роза Әлқожа өнер адамдарының әлеуметтік желіде көрсететін өмірі мен шынайы жағдайы әрдайым бірдей бола бермейтінін айтты, деп хабарлайды paryz.kz.
Әнші «Kezdesu» бағдарламасына берген сұхбатында өнер адамдары көп жағдайда өмірінің тек жақсы жағын көрсетуге тырысатынын айтты.
Роза Әлқожаның сөзінше, көпшілік әншілер концерттерден қомақты табыс табады деп ойлайды. Алайда олардың қаржылық жағдайы сырт көзге көрінгендей бола бермейді.
«Көбісі әншілерді концерттен көп ақша табады деп ойлайды. Жалпы, біз баймыз. Ақша, дүние жағынан емес. Алла тағала жұрттың бәріне ақындық, сазгерлік беріп жатқан жоқ. Сол жағынан баймыз. Әйтпесе, кредиттен кредитке жүргеніңді ешкім білмейді. Мен кредитсіз өмір сүре алмаймын», – деді әнші.
Оның айтуынша, өнер адамдары әлеуметтік желіде көбіне өмірінің жақсы сәттерін ғана көрсетеді.
«Біз ашылып сұхбат бермейміз, көбіне өтірік сөйлейміз. Керемет жанұя болып көрінеміз, тек жылтыраған жағын саламыз. Жұрттың бәріне ұнағымыз келеді», – деді Роза Әлқожа.
Әнші қоғамның жасандылықтан шаршап, табиғилыққа қайта бет бұрып келе жатқанын да атап өтті.
«Жасандылықтың бәрі қалып бара жатыр. Бұрынғыдай жасанып киінбейміз, боянбаймыз. Өйткені адамзат жасандылықтан шаршайды. Табиғи дүниелерге қайтып келе жатырмыз», – деді ол.