Прямая трансляция

Астана

Астана

17.95°C

«Күйеуімнің назарын ғана емес, ұлым екеумізге тиесілі қаражатты алып қойғаның дұрыс па?»: Бағым Мұхитденова Мөлдір Әуелбековаға жазба арнады

Танымал продюсер Бағым Мұхитденова әлеуметтік желіде бұрынғы шәкірті, әнші Мөлдір Әуелбековаға арнап ашық жазба жариялады. Ол бұрынғы әріптесімен арадағы жылдар бойы сақталған өкпе-реніші мен келіспеушіліктер туралы айтты, деп жазады Paryz.kz.

«Күйеуімнің назарын ғана емес, ұлым екеумізге тиесілі қаражатты алып қойғаның дұрыс па?»: Бағым Мұхитденова Мөлдір Әуелбековаға жазба арнады
Коллаж: paryz.kz

Продюсердің бұл мәлімдемесіне Мөлдір Әуелбекованың желіде қалдырған пікірі себеп болғандай. Оқырманның «Моля, ұстазыңызбен достасыңыз» деген сөзіне әнші: «Құдай сақтасын, бетін аулақ» деп жауап қайтарған еді.  

Осыдан кейін Бағым Мұхитденова үнсіздігін бұзып, өзінің жеке Instagram парақшасында төмендегідей жазба қалдырды:

«Үнсіздікті әлсіздік деп қабылдап жүрген «шәкіртім», ақылға тоқтайтын жасқа жетсең де, басқа сыймайтын әрекет жасап, артық сөз сөйлеуді қоймапсың. Қазақ сахнасына есік ашып бергенімді ұмытып, «бәріне өз күшіммен жеттім» деуің дұрыс па? Адал асымды ішіп, шаңырағымда тұрып, бетіме күліп, артымнан сатқындық жасағаның дұрыс па?

Күйеуімнің назарын ғана емес, ұлым екеумізге тиесілі қаражатын алып қойғаның дұрыс па? «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген халықпыз, мен бәрін кештім, сол сәтте қайтадан құйтырқы мінезіңді көрсетуің дұрыс па? Жылдар бойы өз жарамды өзім таңып, үндемей, іштей жылап қана келемін. Менің күйімді біле тұра, өзіңді құрбан қып көрсетуің дұрыс па?»

Сонымен бірге продюсер әншіні танымал еткен шығармашылық жолды ұмытпауға шақырып, бұдан былай өз тараптарына қатысты пікір білдірмеуді өтінді.  

Айта кетейік, Мөлдір Әуелбекова кезінде Бағым Мұхитденова мен Баян Мақсатқызы жетекшілік еткен «KешYou» тобында өнер көрсетіп, танымал болған. Әзірге әнші тарапы бұл жазбаға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.