Продюсер Гүлзира Айдарбекова блогер Мөлдір Анарбаеваның әлеуметтік желіде бір-біріне жылы сөздер айтып, кейін ажырасып кететін жұптарды сынаған видеосына пікір білдірді, деп хабарлайды paryz.kz.
Айдарбекованың сөзінше, бұрын ерлі-зайыптылар үлкендердің алдында бір-біріне деген сезімін ашық білдіруге ұялған. Ал қазір әлеуметтік желіде жұбайын «жаным», «ақ патшам» деп атайтындар көп екенін атап өтті.
«Туу, осыны айтатын адам табылды-ау. Баяғыда енді үйленгенде, мен енемнің үйінде болып, күйеуім біраз уақыттан соң келсе, бет сүйісіп амандасуға ұялатынбыз. «Қалайсың?» дейді, «жақсымын» деймін, болды. Ол кезде ата-ене, бауырлары алдында өзімізді мықты ұстаушы едік, даже баламызға емірене алмайтынбыз. Қазір бәрі «жан-жан» дейді. Әр адамның жаны өзінде, балаңды айтсаң болады «ей, жаным сол» деп. «Ақ патшам» дейтіндер ше, артынан сүйреңдеп, шапылдап, қырылып ұрсып жатады. Онан қалса, бүкіл әлеуметтік желіде жамандап, масқарасын шығарып, өсектеп, тіпті соттатып жатады.
Сосын модаға айналды ғой, бірінің жасағанын бірі қайталап, «маған енем күн көрсетпеді, күйеуім ұрып-соқты» деп жылап тұрған өзін түсіріп тұрып, видеосын салып, елді бір шулатып, аянышты болып подписчик жинайды да, сонан соң «өзім жұмыс жасап, сұмдық байып кеттім, енді мен сіздерге қалай өмір сүру керек, қалай мен сияқты баю керек, келіңіздер, сабақ үйретем, пәлен тұрады бағасы» деп, аңқау елге арамза молда бола салады.
Сенейін десең, екінің бірі психолог, блогер, «байып кеттім, сен неге отырсың, мен сияқты байымай» деп дүбір қағады. Таң қалатыным, соларға сеніп, ақшаларын аямай төлеп, дәріс алып әлек болады», – деп жазды Гүлзира Айдарбекова.