Танымал қазақстандық әнші Ердос Қанаев әлеуметтік желідегі парақшасында отбасылық қарым-қатынасқа ақыл айтып, ажырасуға кеңес беретін коучтар мен «данышпандарды» қатты сынға алды. Оның пікірінше, ойланбай айтылған кеңестердің кесірінен талай отбасы ойраны шығып, балалар бақытсыз болып жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz.
Әнші өзінің жазбасында желідегі жалған психологтар мен коучтардың іс-әрекетіне эмоционалды түрде баға беріп, олардың жауапкершілігін көтерді.
«Қолымда билік болса, «коучсымақтар» мен «данышпансымақтардың» сөзіне сеніп, ажырасып жатқан, сөйтіп бала-шағасын асырай алмай бақытсыз болып жатқан барлық әйелдің бала-шағасын асырауды солардың мойнына жүктер едім. Әйелдерінен айырылған еркектің ендігі үйленетін тойын, қызға берер қалыңмалын — бәрін солардың мойнына жүктер едім. Қияметте жауап бересіңдер», — деп жазды Ердос Қанаев.
Өнер иесі бұл жазбасында барлық маманға бірдей топырақ шашпайтынын, дегенмен отбасы институтын бузатын үгіт-насихатқа қарсы екенін атап өтті. Оның айтуынша, отбасын сақтап қалудың орнына оны оңай ажырасуға итермелеу — үлкен күнә әрі қоғамдық трагедия.
Сондай-ақ өнер иесі жазбасына «Алла және Пайғамбар сызып берген шеңберді бұзу — ауыр іс!» деген пікір қалдырды.
Ердос Қанаевтың бұл пікірі әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырып, желі қолданушылары тарапынан қызу қолдау тапты. Оқырмандар да отбасылық құндылықтарды сақтау және желідегі психологтардың қызметін реттеу маңызды екенін алға тартты.