Прямая трансляция

Астана

Астана

19°C

Инватакси қызметі мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімді болуда

Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтар үшін инватакси қызметінің қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Инватакси қызметі мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімді болуда
Фото: Астана қаласы әкімдінің баспасөз қызметі

2026 жылдың басынан бері Астана және Алматы қалаларында такси агрегаторлары арқылы 77,2 мыңнан астам сапар орындалған. Оның ішінде тек ақпан айында 38,6 мың қызмет көрсетілген.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында инватакси қызметі 489,8 мың рет ұсынылған. Бұл көрсеткіш қызметке деген сұраныстың жоғары екенін және оны одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді.

Қызмет сапасын жақсарту және оны алу процесін жеңілдету мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бірқатар өзгерістер енгізді. Қазіргі таңда азаматтар инватакси қызметіне алдын ала, кемінде бір күн бұрын жазылуы тиіс. Мұндай тәсіл көлік ресурстарын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді, алайда кейбір жағдайларда көлік жетіспеушілігіне байланысты кезек күту қажеттілігі туындайды.

Осы мәселелерді шешу үшін пилоттық жоба аясында такси агрегаторларын тарту қарастырылған. Жобаның басты ерекшелігі — қызмет құнынан комиссия алынбайды, яғни агрегатор платформалары үшін қосымша төлем қарастырылмаған. Бұл қызметті пайдаланушылар үшін шығынды арттырмай, қолжетімділікті сақтауға мүмкіндік береді. Пилоттық бастамаға Яндекс қатысуға дайын екенін білдіріп, жобаны тегін негізде қолдауда.

Жоба шеңберінде азаматтар Яндекс Go қосымшасы арқылы инватакси шақыра алады. Қосымша арқылы көлікті жедел таңдау, тапсырыстың мәртебесін нақты уақыт режимінде бақылау және сапар тарихын қадағалау мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктер туралы жүргізушіге алдын ала хабарлауға арналған арнайы функция енгізілген. Жүргізушілерге жолаушыларды отырғызу және түсіру кезінде көмек көрсету бойынша нақты нұсқаулықтар беріледі.

Министрлік өкілдерінің мәліметінше, цифрлық шешімдерді енгізу әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырып қана қоймай, олардың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде мүгедектігі бар азаматтардың мобильдігін арттырып, олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасайды.

Айта кетейік, пилоттық жоба биыл да Астана және Алматы қалаларында жалғасады. Алдағы уақытта бұл тәжірибені басқа өңірлерге кеңейту мүмкіндігі қарастырылып отыр.