Шымкент қаласында жүйке-ортопедиялық бұзылыстары бар балаларға арналған “QH” мемлекеттік оңалту орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Paryz.kz.
Орталық “№2 Оңалту орталығы” базасында құрылып, жылына 600 баланы оңалтуға мүмкіндік береді. Жаңа орталық 3 пен 18 жас аралығындағы ерекше қажеттіліктері бар балаларға сапалы және кешенді оңалту көмегін ұсынуды мақсат етеді.
Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков, “Қазақстан халқына” қоры Басқарма төрағасының орынбасары Лаззат Чинкисбаева және “Қамқорлық Қоры” директоры Арайлым Еркінова қатысты. Қуаныш Асылов жаңа орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, оның маңыздылығын атап өтті.
2024 жылдың алғашқы 10 айында №2 оңалту орталығында 1843 бала кешенді ем алды. Олардың 1337-і стационарда, ал 506-сы амбулаториялық-емханалық жағдайда оңалтудан өтті.
Сонымен қатар, 2023 жылдың сәуір айында ашылған “Қамқорлық” ерте араласу бөлімшесі 3 айдан 3 жасқа дейінгі 823-тен астам балаға көмек көрсетті. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Шымкент қаласында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 7914 бала тіркелген. Жаңа орталық балалардың оңалту қажеттіліктерін қамтамасыз етуде маңызды қадам болып отыр.
Орталықта неврологтар, реабилитологтар, логопедтер, дефектологтар, психологтар және басқа да мамандар жұмыс істейді. Барлық мамандар арнайы дайындықтан өткен, олардың ішінде халықаралық сарапшылардың қатысуымен ұйымдастырылған курстар бар. Орталық “Қазақстан халқына” қорының қолдауымен заманауи жабдықтармен жабдықталған. Емдік дене шынықтыру мен механотерапияға арналған инновациялық тренажерлер, сондай-ақ сенсорлық бөлмелер, гидромассажы бар құрғақ ванна және физиотерапия кабинеттері балаларға кешенді оңалту қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді.
“QH” орталығы балалардың қажеттіліктерін ескере отырып жасалған заманауи әрі жайлы орта ұсынады. Интерьер ерекше тұжырымдамаға сай әзірленіп, кең әрі жарық кабинеттер балалардың физикалық және эмоционалдық жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұл орталық ерекше балалардың өмір сапасын арттырудағы маңызды бастама болды.
Шымкенттегі “QH” оңалту орталығы — ерекше балалардың жан-жақты дамуына арналған қолжетімді әрі сапалы қызмет ұсынатын бірегей мекеме. Бұл әлеуметтік маңызды жобаның іске асуы қаладағы оңалту инфрақұрылымын жақсартуға үлкен үлес қосып отыр.