Кәсіпкер Каджимурат Тлеукеев Kaspi қосымшасындағы қазақ тілінің қолжетімділігі мәселесін көтерді. Оның айтуынша, Kaspi Магазин мен Kaspi Pay сервистеріндегі мәзірлерді қазақ тілінде де қолдануға мүмкіндік беру қажет, деп хабарлайды paryz.kz.
Кәсіпкердің сөзінше, сервистердегі мәзірлердің орыс тілінде болуы қазақша сөйлейтін азаматтарға, әсіресе егде жастағы адамдарға қиындық туғызады.
«Kaspi магазиннің ішінде білесіздер, барлық меню орысша жазылған. Неге соны қазақша жасамайды? Kaspi-мен жұмыс жасау үшін орысша білу керексің. Білмесең, осылай аударма жасап отырасың. Үлкен кісілерге қиын болып жатыр. Kaspi қазақшаға қашан аударасыздар? Kaspi Pay, Kaspi Магазин — барлығын қазақша жасау керек», — дейді кәсіпкер Каджимурат Тлеукеев.
Ол Kaspi сервистерінің қазақ тіліндегі нұсқасын енгізу пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасап, қызметтерді ана тілінде пайдалануға мүмкіндік беретінін меңзеді.