Заңгер әрі қоғам белсендісі Мейірман Шекеев Ресейде қақтығыс аймағында қалып қойған қазақ жігіттерінің елге аман-есен оралғанын хабарлады, деп жазады paryz.kz.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында азаматтардың елге қайтуына көмектескен барша адамға алғыс білдірді. Мейірман Шекеевтің айтуынша, жігіттердің елге оралуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері және өзге де азаматтар атсалысқан.
«Әуелі Алла, одан соң еріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Сыртқы істер министрлігінің осы істе ат салысқан әрбір өкіліне және осы балалардың елге аман-есен оралуына титтей де себепші болған барша азаматтарға ата-аналардың атынан және өз атымнан шын жүректен алғысымды білдіремін», – деп жазды ол.
Қоғам белсендісі балалардың елге оралуына көмектескен Қуандық есімді азаматқа және Мәскеу әуежайынан оларды күтіп алып, шығарып салған Ягульмира есімді әйелге де ризашылығын жеткізді.
Оның сөзінше, жігіттердің елге оралуы – олардың ата-аналары үшін үлкен қуаныш әрі үміт.
«Бұл – жай ғана қайту емес. Бұл – ата-ананың көз жасы, отбасының үміті, баланың, Қазақстан азаматтарының елге оралуы», – деп жазды Мейірман Шекеев.
Сондай-ақ ол жігіттер елге оралғанымен, құзырлы органдардың жұмысы жалғасуы керектігін атап өтті.
«Балалар есін жиғанша біздің құзырлы органдар мазаламай тұрсаңыздар екен», – деп жазбасын түйіндеді қоғам белсендісі.