Дәрігер жалақысы өмір сүру құнының өсуіне ілесе ме? Онколог-хирург дәрігер өзінің жалақысы мен күнделікті шығындарының өзгерісін салыстырып, медицина қызметкерлерінің еңбекақысына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды paryz.kz.
Дәрігердің айтуынша, 2024 жылы бір толық ставка бойынша лауазымдық жалақысы 252 384 теңге болса, 2025 жылы 257 831 теңгеге жеткен. 2026 жылы да жалақы осы деңгейде қалған. Осылайша, екі жылдан астам уақыт ішінде еңбекақы небәрі 5 447 теңгеге, яғни шамамен 2%-ға өскен. Ал дәрігердің сөзінше, күнделікті тұтынатын тауарлар мен киім бағасы айтарлықтай қымбаттаған.
Мысалы, екі жыл бұрын 88 мың теңге тұрған қысқы күртенің бағасы қазір 188 мың теңгеге жеткенін айтады. Ол бұл мәселені Мемлекет басшысының, Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің назарына ұсынып, медицина қызметкерлеріне нақты әрі түсінікті жауап беруді сұрады.
Дәрігердің пікірінше, мәселе тек жалақы көлемінде емес, жас мамандардың медицина саласында болашағын көре алуында. Еңбекақы өмір сүру құнының өсуіне сай болмаса, жастардың осы мамандықты таңдап, салада қалуға деген ынтасы төмендеуі мүмкін.