Павлодарда Ясмина есімді жасөспірім әкесі қайтыс болғаннан кейін анасымен бірге қиын жағдайға тап болғанын айтып, көпшіліктен көмек сұрады. Қыздың сөзінше, әкесін жерлегеннен кейін туған әжесі оларды үйге кіргізбей қойған, деп хабарлайды paryz.kz.
Ясминаның айтуынша, әкесі 12 қыркүйекте жазатайым оқиға салдарынан суға батып қайтыс болған. Отбасы ауыр қазаны еңсеруге тырысып жүргенде, баспана мәселесіне тап болған.
Жасөспірімнің сөзінше, ол анасы екеуі үйде болмаған кезде әкесінің туыстары есіктің құлыптарын ауыстырып тастаған. Содан бері олар үйге кіре алмай жүргенін айтады.
«Менің атым Ясмина. Әкем 12 қыркүйекте жазатайым оқиғаның салдарынан қаза тапты. Ол суға батып кетті. Әкемді соңғы сапарға шығарып салғаннан кейін ең қорқынышты күндер басталды. Мен өзімді қауіпсіз жерде сезіне алмаймын. Біздің үйде болмағанымызды пайдаланып, құлыптарды ауыстырып тастаған. Әкемнің анасы бізді қуып шықты», – дейді жасөспірім.
Қыз әкесінің жеке заттарын да ала алмай отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, марқұмның бағалы сағаттары болғанымен, туыстары оларды қайтармаған.
Сондай-ақ жасөспірім анасы екеуін бір жарым айдан бері үйге кіргізбей қойғанын мәлімдеді. Ясмина әкесінің жалғыз қызы екенін айтып, анасының да әлі күнге дейін қайғыдан арыла алмай жүргенін жеткізді.
«Мен әкемнің жалғыз қызымын. Оның басқа баласы жоқ. Неге біз көшеде қаңғып жүруіміз керек? Анам әлі күнге дейін әкемді жоқтап, жылап жүр. Ал оның туыстары мені адам құрлы санамай отыр», – дейді ол.
Әзірге үйдің заңды иесі кім екені және мұрагерлікке қатысты құжаттардың рәсімделу жағдайы белгісіз. Марқұмның туыстарының оқиғаға қатысты пікірі де жарияланбаған. Жасөспірімнің айтқан мәліметтері әзірге тәуелсіз түрде расталған жоқ.