Прямая трансляция

Астана

Астана

21°C

«Сырттай бақылауды доғардым»: Тамара Асар саясатқа келу себебін айтты

Әнші Тамара Асар саясатқа келу себебін түсіндіріп, бұл бағытты таңдауға өміріндегі ауыр сынақтар әсер еткенін айтты, деп хабарлайды paryz.kz.

«Сырттай бақылауды доғардым»: Тамара Асар саясатқа келу себебін айтты
Фото: әлеуметтік желіден

Өнер иесі соңғы уақытта өзіне «Саясатқа неге келдіңіз?» және «Сахнаны саясатқа неге ауыстырдыңыз?» деген сұрақтардың жиі қойылатынын атап өтті.

«Басқа салса баспақшы» мені сахнаға да, саясатқа да өмір өзі әкелді. Менің өмірімде сахна да бар, өнер де бар, салт-дәстүр де, білім де, ғылым да, еңбек те бар. Жеткен жеңістер де, жеңілістер де, қиын кезеңдер де болды», – деп жазды Тамара Асар.

Әнші өміріндегі ауыр сынақтарды еске алып, осы тәжірибесі оны инклюзия, оңалту және протездеу мәселелеріне белсенді араласуға жетелегенін айтты.

«Тәнімнің жеңісі – жұлынған аяқтың, жаңқа сүйегінен қан сорғалап тұрса да, протезбен қайта жүру болды. Жанымның жеңісі – дәл солай тұрсам да, ән шырқап, өзгеге әнмен қуаныш сыйлау болды», – деді ол. 

Тамара Асардың айтуынша, аталған мәселелерді өз басынан өткергендіктен, адамның денсаулығы, оңалуы, қоғамға қайта оралуы, білім алуы және еңбек етуі секілді маңызды бағыттарға сырттай бақылаушы ретінде қарағысы келмейді.

«Инклюзия, оңалту, протездеу деген ұғымдармен жақын, өте жақын таныс болғандықтан, адамның денсаулығы, оның қалпына келуі, қоғамға қайта оралуы, білім алуы, еңбек етуі, өз әлеуетін жүзеге асыруы сияқты мәселелерді сырттай бақылауды доғарып, оған өзім сияқтылар үшін етене араласуды шештім», – деді өнер иесі. 

Ол протездік жүйенің адам өміріне қаншалықты әсер ететінін өз тәжірибесінен жақсы білетінін айтып, бұл мәселені кеңінен көтергісі келетінін жеткізді.

«Қазір мен үшін ең маңыздысы – адамдармен кездесіп, оларды тыңдау, мамандармен тілдесу, жүйені түсіну және сол тәжірибені нақты іске айналдыру. Өйткені мен үшін саясат – мансап емес. Саясат – жауапкершілік», – деп қорытындылады Тамара Асар.