Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың бұрынғы келіні Назым Қаһарманға қатысты талап арызы бойынша шешім шығарды, деп жазады Paryz.kz.
Нұрлыбекова сенімгерлік басқаруға берілген нысанды жалға беруден түскен табысты қайтаруды талап еткен.
Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың қарашасында Альмира Нұрлыбекова өзіне тиесілі нысанды 2029 жылғы 31 қазанға дейін сенімгерлік басқаруға Назым Қаһарманға тапсырған. Келісімшарт бойынша мүлік сенім білдірушінің мүддесі үшін басқарылуы тиіс болған.
Талапкердің мәліметінше, Назым Қаһарман аталған нысанды жалға беріп, одан табыс алған. Алайда түскен қаражатты Нұрлыбековаға аудармаған және қажетті растайтын құжаттар қоса берілген толық есеп ұсынбаған.
Осыған байланысты талапкер 14 074 771 теңгені, мемлекеттік баж ретінде төленген 247 415 теңгені және өкілдің көмегіне жұмсалған 800 мың теңгені өндіріп беруді сұраған.
Назым Қаһарман талап арызды қанағаттандырудан бас тартуды сұрап, талап етілген соманың көлемі мен оны өндіріп алу негіздері негізсіз екенін айтқан.
Сот тараптар ұсынған құжаттарды, соның ішінде жалға алушылардан түскен қаражат, жүргізілген төлемдер мен есеп айырысулар туралы мәліметтерді зерттеді.
Нәтижесінде талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Сот Назым Қаһарманның кәсіпкерлік субъектісінен Альмира Нұрлыбекованың пайдасына 6 665 391 теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Сонымен қатар мемлекеттік баж ретінде 66 654 теңге және өкіл қызметіне жұмсалған шығын ретінде 666 539 теңге өндірілетін болды.
Сот өндірілетін соманы анықтау кезінде құжатпен расталған, жауапкерге іс жүзінде түскен әрі қайтарылмаған немесе сенімгерлік басқару шарты бойынша көзделген шығындарға жұмсалмаған қаражатты есепке алған.