Ақтауда көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған әйел әкімшілік қамақтан жалтару үшін сотқа жалған жүктілік туралы анықтама ұсынған, деп хабарлайды Paryz.kz.
Полиция қызметкерлері әйелге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Бұл құқық бұзушылық үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Істі сот қарау барысында құқық бұзушы жүктілік туралы дәрігердің анықтамасын ұсынған. Осыған байланысты сот оны әкімшілік қамақтан босатып, көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айыру түріндегі қосымша жазамен шектелген.
Алайда Ақтау қаласының прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде сотқа ұсынылған жүктілік туралы анықтаманың жалған екені анықталды.
Прокурордың өтінішхаты бойынша Маңғыстау облыстық соты бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгертіп, құқық бұзушыға 15 тәулікке әкімшілік қамақ тағайындады.
Сонымен қатар медициналық құжатты қолдан жасау және пайдалану фактілері бойынша медицина қызметкері мен құқық бұзушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.