Қарағандыда 66 жастағы зейнеткер көршісі туралы жалған қауесет таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 484 400 теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Оқиғаның мән-жайы бойынша, 34 жастағы қала тұрғыны өзі туралы «басқа ер адамнан бала туып алған» деген негізсіз өсектің таралуына байланысты полицияға арызданған. Шағымдан кейін учаскелік полиция инспекторы Төлеген Жанкеев тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, жалған ақпараттың шығу төркінін қысқа мерзімде анықтады.
Тергеу барысында 66 жастағы көршісі өз кінәсін толық мойындады. Сот тарапынан азаматшаның таратқан мәліметтері көрінеу жалған деп танылды.
Бастапқыда заңнамаға сәйкес 160 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл тағайындалғанымен, сот айыппұл сомасын 30 пайызға азайтып, түпкілікті төлемді 484 400 теңге деп белгіледі. Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Тәртіп сақшыларының жедел әрі кәсіби жұмысына ризашылығын білдірген жәбірленуші Қарағанды облыстық Полиция департаментінің басшылығына алғыс хат жолдады. Полиция өкілдері азаматтарға кез келген жалған ақпарат тарату мен жала жабу әрекеттері үшін заң бойынша қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.