Прямая трансляция

Астана

Астана

16.69°C

Маңғыстаудағы қайғылы оқиға: Каспий теңізіндегі жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты

Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Маңғыстаудағы қайғылы оқиға: Каспий теңізіндегі жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты
Фото: видеодан скриншот

Қорғаныс министрлігінің ресми хабарламасына сәйкес, 24 қыркүйек күні Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, соққан қатты желдің салдарынан әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша, табиғаттың тосын мінезі салдарынан теңізге 19 әскери қызметші ағып кеткен. Қазіргі уақытта:

  • 9 әскери қызметшінің қайтыс болғаны расталды;

  • 3 әскери қызметші құтқарылып, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды;

  • Қалған әскерилерді іздестіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Кешенді іздестіру-құтқару шараларына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және өзге де тиісті арнайы қызметтер тартылған.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау әрі іздестіру-құтқару жұмыстарын тікелей үйлестіру мақсатында оқиға орнына ҚР Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың басшылығымен арнайы комиссия шұғыл аттанды.

Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Қаза болғандардың отбасыларына мемлекет тарапынан барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі.

Ресми органдар іздестіру жұмыстарының барысы мен әскерилердің жағдайы туралы қосымша ақпарат расталған бойда берілетінін хабарлап, тек ресми дереккөздерге сүйенуді сұрайды.