Елордада әйелдің қатыгездікпен өлтірілуіне байланысты жүргізілген қызметтік тексеруден соң, қызметке салғырт қарау дерегі бойынша төрт бұрынғы полиция қызметкері ұсталып, қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне кешенді қызметтік тексеру жүргізді.
Тексеру қорытындысы бойынша қабылданған шаралар:
Қызметтен босатылғандар: Төрт полиция қызметкері теріс себептермен қызметінен босатылды. Олардың қатарында екі аудандық полиция басқармасының бастығы мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары бар.
Тәртіптік жаза: Астана қалалық Полиция департаментінің бастығы мен оның тағы бір орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қылмыстық іс және ұстау: Қызметке салғырт қарау фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу аясында бұрын лауазымды қызмет атқарған төрт полиция қызметкері уақытша ұстау орталығына қамалды.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.