Прямая трансляция

Астана

Астана

9.93°C

«Жеміске талас, дүкенге жаппай ұмтылыс»: Атырауда бутиктің ашылуы қызу талқыға түсті

Атырау қаласында жаңадан ашылған киім бутигінің ашылу салтанатында келушілердің шамадан тыс көп жиналуынан дүрбелеңге ұқсас жағдай орын алды. Әлеуметтік желілерде тараған видео кадрлары қызу талқыға түсті, деп жазады Paryz.kz.

«Жеміске талас, дүкенге жаппай ұмтылыс»: Атырауда бутиктің ашылуы қызу талқыға түсті
Фото: видеодан скриншот

Кадрлардан дүкенге кіруге асыққан адамдардың бір-бірін итеріп, қалың топ арасынан өтуге тырысқанын көруге болады. Келушілер арасында кептеліс пайда болған.

Сонымен қатар ашылу рәсіміне орай ұйымдастырылған дастарқандағы тәттілер мен жемістерді тұрғындардың таласа-тармаса алып жатқаны да желі қолданушыларының назарын аударды.

Оқиғаға қатысты пікір білдіргендердің арасында мұндай көріністі сынға алғандар да, әзілмен қабылдағандар да болды.

«Ұят екен… Осы магазин ашылмаса яки тауар таусылып қалса жалаңаш жүрсіңдер ме? Бұрын-соңды көрмегендей», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір тұрғын: «Бүгін бітсе, ертең де әкеледі ғой ол тауарларды, ояу адамдар-ау», – деп пікір қалдырған.

Кейбірі адамдардың күнделікті өмірде жақсы киінгенімен, осындай акция кезінде мінез-құлқы өзгеретінін айтса, енді бірі жағдайды әзілге айналдырды.

«Жемге таласқанда қорада сиырлар осылай шығушы еді», «Ханзада Жумонг жасасын, Дамул әскері жасасын» деген сарындағы пікірлер де жазылды.

Ал кәсіпкерлер арасында мұндай көріністі сауда үшін қалыпты жағдай деп бағалағандар болды. «Сауда осындай болу керек» деген пікір білдіргендер дүкендегі сауданың қызу жүріп жатқанын оң бағалаған.