Алматыда техника сатушылары «Яндекс Доставка» қызметі арқылы жіберілген құны шамамен 3 млн теңге болатын гаджеттердің жоғалғанын мәлімдеді. Бұл туралы әлеуметтік желіде блогер zaagaru хабарлады, деп жазады Paryz.kz.
Блогердің жазуынша, 28 қыркүйекте мопедпен келген курьер тапсырыс бойынша екі iPhone 17 Pro Max, Apple Watch және AirPods Pro құрылғыларын жеткізу үшін алып кеткен. Кейін қосымшада тапсырыс мәртебесі «Жеткізілді» деп көрсетілгенімен, сатып алушы тауарды алмағанын айтқан. Ал курьердің телефоны өшіп қалған.
Сатушылар полицияға шағымданып, құрылғылардың IMEI-кодтарын тексерген. Олардың айтуынша, телефондар әлдеқашан қосылып, белсендірілген. Осыған байланысты сатушылар гаджеттер қайта сатылып кеткен болуы мүмкін деп болжап отыр.
«Яндекс» өкілдері оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын және келтірілген шығынды толық өтеуге уәде берген. Компания курьердің жеке деректерін жеке деректерді қорғау туралы заң талаптарына байланысты сатушыларға бере алмайтынын, мұндай ақпарат құқық қорғау органдарына ресми сұраныс бойынша ұсынылатынын мәлімдеді.
Компанияның ережесіне сәйкес, Қазақстандағы «Яндекс» тапсырыстары 3 млн теңгеге дейінгі сомаға сақтандырылған.
Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, кей қолданушылар «Яндекс» қызметіне бойкот жариялауға шақырды. Басқалары қымбат тауарларды курьер арқылы жіберудің қауіпсіздігіне қатысты сұрақ көтеріп, мұндай жағдайда дүкен өкілдері тауарды өздері жеткізуі керек деген пікір білдірді.
Блогер zaagaru істің соңына дейін жетіп, оның мән-жайын әлеуметтік желі арқылы жариялап отыратынын жеткізді.