Атырауда құм тиелген КамАЗ жеңіл автокөлікпен соқтығысып, бір адам қаза тапты, деп хабарлады Paryz.kz сайты Atyrau ONLINE сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 26 мамыр күні Атырау – Доссор тасжолында, Геолог шағын ауданы маңында болған. Жол апатына жүк көлігі мен жеңіл көлік қатысқан.
Полицияның мәліметінше, Great Wall Wingle 5 маркалы пикап басты жолға шығып жатқанда, осы бағытпен келе жатқан КамАЗ тежеп үлгермеген.
Себебі алда тұрған көліктер пикапты өткізіп жібермек болған. Нәтижесінде жүк көлігі алда тұрған көлікке соғылып, соққы салдарынан КамАЗ пикаптың үстіне аударылып кеткен.
«КамАЗ-дың соққысынан ол пикаптың үстіне аударылып түсті. Салдарынан пикаптың 62 жастағы жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Ал 35 жастағы жүргізуші ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаменті.
Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды.