Прямой эфир

Астана

Астана

17.97°C

Қоғам бүгін, 17.07.2024 07:44 Обновлять, 18.07.2024 10:41

«Әр қазақ – менің жалғызым»: қара халық қамыс орса да Маңғыстауға көмек беруде (ВИДЕО)

«Қарлығаштай қанатымен су сепкен» оңтүстік тұрғындарына жұрт дән риза

«Әр қазақ – менің жалғызым»: қара халық қамыс орса да Маңғыстауға көмек беруде (ВИДЕО)
фото: ашық дереккөз

Биыл елімізде пандемияға қоса қуаңшылық болып, елді әбден әбігерге салды. Бірнеше өңірде, әсіресе, батыс аймақта мал аштықтан қырылып жатыр. Маңғыстау облысының маң-маң басқан түйелері тіпті картон қағаз жеп жан бағуда. Ал үкіметтегілер мұны жергілікті әкімдіктердің «косягы» екенін айтып, бет бақтырмайды...

Алайда, билікке қарап отыра берудің ендігі жөні жоқ. Халық оларға сенуден қалған. Сол себепті де өздері әрекет етуге көшкен. Ендеше олардан ел бюджетінен миллиондаған жалақы алғанынан басқа қарапайым бұқараға не пайда бар?! Қайта ел басына қиыншылық туғанда, басқасын қоя тұрып, халық үшін білек сыбана жұмыс істеуі керек емес пе!.. Осыған ашынған жұртшылық Мамин бастаған үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп жатыр...  

Әрекет демекші, күні кеше оңтүстік өңірдің Құрмет есімді тұрғыны әлеуметтік желіде үндеу тастап, малы қырылып, мазасы қашқан батысқазақстандық тұрғындарға көмек қолын созуға шақырды. Жас жігіт өзі бас болып, күннің ыстығына қарамастан зардап шеккен тұрғындар үшін қамыс орып, шөп шауып жүр. Оңтүстік өңірдің өзге де азаматтарын қайырымдылық іске жұмылдырып жатыр. Оны қолдай кеткен халықтың да қарасы көп.

Атына заты сай азамат өз сөзінде «Кезінде Арыста жарылыс болғанда, Мақтааралды су алғанды жанымызға жалау болған өңірлердің бірі Батыс Қазақстандағы ағайын еді. Қазір олардың малы жеуге шөп таппай, қырылып жатқанда неге біз оларға көмектеспейміз» деді. Ұлтын сүйген, елін сүйген азаматтың ғана аузынан шығатын сөз болса керек.

Бұл бастаманы құп алған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жігіттері де батысқазақстандық ағайынға көмектесейік деген Құрметтің үніне үн қосуға жұмыла кетіпті.

«Біздің кейбір әріптестеріміз кешегі мерекені әлі тойлап жүр. Сол әріпестерге айтарымыз, той тойлап біткен соң, осы бір Сарыағаш ауданында жалғыз өзі қамыс орып жүрген Құрметке жәрдемдесіп жіберіңіздер. Тек әріптестеріміз ғана емес, өзге де мекемелер, ұйымдар Құрметтің бастамасын қолдап жіберсе, жанына жалау бола алса, елдігімізді көрсетпей ме?! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Батыстағы бір қандасымызға пайдамыз тисе, соның өзі ғанибет қой» дейді бір сәтке қаламын ораққа айырбастаған қаламгерлер.

Ел арасында қарлығаштың адамға достығын білдіретін бір қисса бар. Қисса бойынша қатыгез Намрұт патша Ибраһим пайғамдарды отқа тастауды ұйғарады. Барша әскерге төрт ай отын жиғызады. Содан соң от жағады. Қызуы күшейгенде: «Ибраһимді отқа тастаңдар», – деп бұйырады. Ал құс екеш құс - қарлығаш тұмсығымен ол отқа су құя бастайды. Ибраһим: «Ей, қарлығаш, сенің тұмсығыңдағы су бұл отқа не болады?» - дейді. Дегенмен пайғамбар оған дұға жасайды. Осылайша, қатыгез патшаның отына күймей, аман шығады. Сондағы қиссаның тәлімі қандай еді?..

Қарлығаштың тамшы сумен өртті өшіре алмайтыны анық, алайда достығын көрсетті. Сол себепті де қияметке дейін ізгі аты қалды.

Ендеше қазақта жиі қолданылатын «қарлығаштай қанатымен су сепкен», «қарлығаш достығын білдірді» деген сөз тіркестерінің түп-төркіні осында жатса керек.

Қиындыққа тап болған жақынының мәселесін түбегейлі шеше алмаса да, оны жалғыз тастамай, көңілін сұрап, шама-шарқы келгенше қолтықтан демейтін үлгі осы қарлығаштан қалған екен.

Олай болса, Құрмет есімді азаматтың да бұл ерлігін «қарлығаштай қанатымен су сепкен» деп айтуға толық қақымыз бар. Жабыла қолдау білдірсек, қане.

Ал біздің билік қуаңшылықпен күресте Құрмет құрлы болмады...

Есен АМАНҰЛЫ