Танымал дін қызметкері Нұрлан имам ұл мен қыз тәрбиесі туралы пікір білдіріп, перзентінің жынысына бола көңілі толмайтын ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды paryz.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода имам баланың ұл немесе қыз болып дүниеге келуі Жаратушының қалауымен болатынын айтып, ата-аналарды әрбір перзентіне шүкіршілік етуге шақырған.
«Жаратушы қыз берсе де, ұл берсе де, адам риза болуы керек. Бұл – Жаратқанның тағдыры. Бірақ жасыратыны жоқ, көп адам ұл күтеді. Алайда адам жақсылықты ұлдан көре ме, қыздан көре ме, әлде мүлде көрмей ме, оны уақыт көрсетеді. Сондықтан не берсе де шүкіршілік ету керек», – деді ол.
Дін қызметкері кейбір отбасыларда ұл баланы ерекше күтіп, қыз дүниеге келгенде көңілі толмайтын жағдайлар кездесетінін де атап өтті.
Оның сөзінше, қыз баланың дүниеге келуі де үлкен қуаныш пен берекенің белгісі.
«Ең жоғарғы нәрсе – қыз босанған шаңырақ ұлықталады. Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі мақтаған», – деді Нұрлан имам.
Сондай-ақ ол қыз баланың әкесінің өміріндегі ерекше орнын мысал арқылы түсіндірді. «Бір азамат: “Егер әйелім ұл босанса, баламды өзім тәрбиелеймін. Онымен бірге спортқа барамын, түрлі іспен айналысамын”, – дейді. Сонда біреу одан: “Ал егер қызың дүниеге келсе ше?” – деп сұрайды. Әлгі азамат: “Онда ол мені тәрбиелейді”, – деп жауап берген», – деді имам.