Танымал айтыскер ақын, экс-депутат Ринат Зайытов композитор Арман Дүйсеновті еске алып, оның шығармашылығы мен адамдық қасиеттері туралы сыр шертті, деп хабарлайды paryz.kz.
Ринат Зайытов Оралда өткен композиторды еске алу кешіне қатысып, марқұмға арнаған өлеңін оқыды. Сондай-ақ ол Арман Дүйсеновтің көзі тірі болғанда, еске алу кеші мүлде басқа деңгейде өтер еді деп атап өтті.
«Арман аға тірі болса, бұл кеш бұл жерде өтпейтін еді. Сіздерге бұл жерде орын болмайтын еді. Ол Астанада, стадионда, байлары бар, Бағланы бар, әншісі бар, продюсері бар – бәрі жиналған кеш болатын еді. Ортасында Арман аға отырады. Бірақ ол Арман ағамыз бар болса. Ал бүгін ол кісі дүниеге келгенде тал бесігін тербеткен Ақжайықтың халқы оның рухын қошеметімен жер бесігін тербетіп жатыр. Ол – заңдылық», – деді ақын.
Сондай-ақ Ринат Зайытов композитормен алғаш танысқан кезін еске алып, оның музыка саласындағы ерекше қабілетіне тоқталды.
«2005 жылы онымен танысқанда менде бір-ақ нәрсе болды. “Мен мынаған ілесе алмаймын-ау” деп ойладым. Өте жылдам болатын. “Мына әнге сөз тез керек” дейді болды. Сосын сөзді қорламайды, буыныңды кеспейді, шолтаңдатпайды. Сөзді ғана жазып берсең де, соның ешбір жерін бұзбай, керемет әнге айналдырып беретін қабілетті композитор еді», – деді Ринат Зайытов.