Прямая трансляция

Астана

Астана

10.68°C

«Ата, көмектесші»: Алматыда көлік қаққан балаларға көмектескен куәгер оқиға туралы айтты

Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылында жол шетінде отырған екі жеткіншекті көлік қағып кетті. Балаларды кім құтқарған, ал туыстары не дейтінін Sputnik.kz тілшісі біліп қайтты, деп хабарлайды paryz.kz.

«Ата, көмектесші»: Алматыда көлік қаққан балаларға көмектескен куәгер оқиға туралы айтты
Фото: видиодан скриншот

Жол бойында алаңсыз балмұздақ жеп отырған екі жасөспірімді жеңіл көлік бар жылдамдықпен келіп соққан. Балаларға бірінші болып Тұрлан Атантаев көмектескен.

"Есік алдында шаруамды істеп жатыр ем, қатты бір соғылған дауыс естіліп, айқай боп кетті. Бес секундта жүгіріп шықтым ғой деймін. Қарасам екі бала жатыр қан-қан болып. Бірден жедел жәрдем шақырып, бастарына жастық қойдым. Ата-аналарын шақырдым. Балалар қатты қиналып жатты", - дейді ол.

Бірақ Тұрлан Атантаев көлікті көрмеген. Жолдан өтіп бара жатқан егде жастағы ер адам көліктің номерін жаттап үлгерген.

"Көрші ата "көлік қашып кетті" деп айтты. Балалардың жарақаты өте ауыр болды. Қолдары сырылған, іштерін ұстап алған. Телефонындағы жасырын кодын әрең айтты, соны ажыратып, аналарына хабарластым", - дейді Тұрлан Атантаев. 

Екі күннен соң табылды Зардап шеккен екі баланың бірі - қазақ журналистикасы мен әдебиеті саласында белсенді еңбек етіп жүрген қаламгер, тілші Ахмет Өмірзақтың баласы. 

"45 жаста өмірге келген кенже балам. Баламның қазіргі жағдайы тұрақты, су іше алады. Бір қолы сынған, жамбас сүйегі сынған. Көліктің екі дөңгелегі бірдей басып өткен. Рөлде 65 жастағы кісі болған. Оқиғадан кейін тек екі күннен соң табылды. Баласы телефон соғып, бізге хабарласты. Бірақ сөйлесуге мұршам болмады", - дейді Ахмет Өмірзақ.

Бейнекамераға түсіп қалған жазбада балалардың "ата, көмектесші" деп жанұшыра айқайлағанын естуге болады.

"Балаларды соғып, оқиға орнынан қашып кеткен адамды қалай кешіруге болады? Көлік балаларды басып өтіп, тежегішті басып тоқтап барып, қашып кетеді. Ішіп алған ба, қалғып кеткен бе, жүргізушінің әрекетін түсінбедік", - дейді Ахмет Өмірзақ. 

Оқиға болған жол тар, жоғары жылдамдықпен жүру мүмкін емес. 100 метр жердегі жолда жасанды кедергі мен жол қиылысы тұр.

"Неге сондай жылдамдықпен жүрді. Ішіп алса, ниеті бұзық біреу ме, кім білсін. Қаскелеңнің орталық ауруханасы жөндеуге жабылып, Үшқоңыр ауылында жатыр. Соны қалаға ауыстырады деп ек, өйткені балалардың жағдайы әлі дұрыс емес. Балам қалада тіркелген, бірақ оқиға облыста болғандықтан, қалаға жатқызбай тұр. Қазір сол мәселемен жүгіріп жүрміз", - дейді зардап шеккен баланың әкесі.