Мұғалімдер күні қарсаңында әлеуметтік желілерде бастауыш сынып оқушыларының өз ұстаздарын ерекше құттықтаған видеосы таралып, көпшіліктің жылы ықыласына ие болды, деп жазады Paryz.kz.
Челлендж аясында №83 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып жетекшісі Фатима Нұртазақызы Исмаиловаға оның оқушысы Нұрлан Арудың ата-анасы атынан жүрекжарды алғыс айтылды.
Видеода ата-ана алғашқы ұстаздың бала өміріндегі орнына ерекше тоқталып, «Алғашқы ұстаз – бала жүрегіндегі өшпес шырақ» екенін атап өткен. Сондай-ақ ұстаздың Арудың білімге деген қызығушылығын оятып, алғашқы қадамдарына бағыт-бағдар бергені үшін алғыс білдірілген.
Видео авторы Фатима Нұртазақызының оқушыларына білім берумен қатар, мейірімі мен аналық қамқорлығын да аямайтынын атап өткен. Ұстаздың еңбегінің арқасында мектеп балалар үшін «екінші үйге» айналғаны айтылды.
Желі қолданушылары видеоға жылы пікірлер қалдырып, оқушылардың ұстаздарына деген шынайы ықыласына ризашылық білдіруде. Кейбір оқырмандар балалардың құттықтауды әзіл мен шынайылықты үйлестіре отырып ерекше жеткізгенін атап өтті.
Челлендж аясында видео басқа да ата-аналар мен оқушыларға жолданып, ұстаздарға деген алғысты білдіруге шақырды.