Әлеуметтік желіде Асел Талғатовна есімді қолданушы Оқу-ағарту министрлігіне үндеу жасап, мектептер мен ата-аналар чаттарындағы заңсыз ақша жинау мәселесін көтерді, деп жазады Paryz.kz.
Видео авторының айтуынша, жаңа оқу жылы басталған сайын мектептерде түрлі ұсақ-түйек қажеттіліктер мен іс-шараларға қаражат жинау қайта белең алады. Оның пікірінше, мұндай жағдай әлеуметтік теңсіздікке әкеліп, ақша қосуға мүмкіндігі жоқ отбасылардың балаларына психологиялық қысым жасалуына себеп болуы мүмкін.
Белсенді қолданушы мектепте немесе ата-аналар чатында заңсыз ақша жинауды ұйымдастыратын және оған бастамашы болатын ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тартуды ұсынды.
Сондай-ақ ол Оқу-ағарту министрлігі тарапынан мектеп және сынып чаттарына бақылау жүргізіп, заңсыз қаражат жинау фактілерін анықтау бойынша тексерулер ұйымдастыруды сұрады.
Видео авторы қаражат жинауға байланысты балалардың ұжымда шеттетілуі мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, ата-анасы белгілі бір қаражатты қоса алмаған жағдайда, бала қатарластары тарапынан кемсітуге және психологиялық қысымға ұшырауы мүмкін.
Сонымен қатар Асел Талғатовна ата-аналардан жиналған қаражатты мәнсіз ойын-сауық шараларына жұмсаудың орнына, оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыруға бағыттауды ұсынды. Атап айтқанда, мектептерге белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерін шақырып, оқушылармен мотивациялық кездесулер өткізуді ұсынды.
«Оқыған адамның қандай дәрежеге жететіндігі туралы іс-шаралар ұйымдастырылсын. Осындай үлкен дәрежедегі тұлғаларды шақыруға қаражатын берейік. Ойын-сауық, болмашы нәрселерді тоқтату керек», – дейді видео авторы.
Аталған үндеу әлеуметтік желіде мектептердегі ақша жинау мәселесіне қатысты пікірталас туғызды.