Ақын Нұргүл Хасанова Шайыр ауылының 100 жылдығына арналған айтыста ақын Мақсат Ахановтың айтқан сөздерін сынға алды, деп хабарлайды paryz.kz.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында айтыс кезінде айтылған кейбір сөздерге наразылығын білдіріп, мұндай сөздердің сахна мәдениетіне сай келмейтінін атап өтті.
«Мынау не масқара, не көргенсіздік?! Күні кеше Шайыр ауылының 100 жылдығында болған жағдай» деген Нұргүл Хасанова Мақсат Ахановтың айтыста айтқан сөздерін келтірді.
Ақынның пікірінше, айтыста ел мен жерді құрметтеу, сөз әдебі мен сахна мәдениетін сақтау маңызды.
«Мынау не басыну, не тайрандау?! Айтыстың әдебі, сахна мәдениеті қайда? Айтысты ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы не қарап отыр?! Елді сыйламау, жерді қорлау, тұтас халықты адам құрлы көрмей, ар-намысын таптау ғой бұл!» – деп жазды ол.
Нұргүл Хасанованың бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, ақынның сынына қолдау білдіргендер де болды. Ал Айтыс Одағының төрағасы Амандолда Елтай Шайыр ауылында өткен айтыстың Одақ жоспарына кірмегенін айтты.
Оның сөзінше, шара жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен және жергілікті азаматтардың ұйымдастыруымен өткен.
Сонымен қатар алдағы жарты жылда Мақсат Ахановты айтыстарға қатыстырмау туралы шешім қабылданған.